Алматыда туа бітті құлағында мүкістігі бар қыз бірте ести бастады

Алматыда туа бітті құлағында мүкістігі бар қыз бірте ести бастады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда туа бітті құлағында мүкістігі бар қыз бірте ести бастады. 5 жасар бүлдіршінге дәрігерлер биыл сәуір айында тың операция жасаған еді. Арада жарты жыл өткенде әлгі баланың естуі жақсарып, сөйлеу қабілеті дами түскен. Медиктер науқастың құлағына арнайы аппарат орнатты. Енді Нұрсәуле Берікболдың еш қымсынбастан мектепке баруына да болады.


Тұрымтайдай Нұрсәуле алабөтен күй кешті. Дәрігерлер құлағына есту аппаратын орнатқанда, езуінен күлкі төгілді. Жан-жақтан жаңғыра шығатын дыбыстар бұл жолы анық естілгендей... Мұны бүлдіршіннің жадыраған жүзінен байқауға болады.      


5 жастағы балақай осыған дейін шалдыр шабыстырып сөйлейтін. Қимыл-қарекетін тек ым-ишарамен ғана білдіретін. Енді міне зат танып, оның атауын да анық айтатын болды. Науқас құлағы бітеу болып туған. Сондықтан дәрігерлер оған магнитті имплант орнатуды ұйғарады. Ондай операция біздің елде мүлде жасалмағандықтан, Ресейден маман алдыртуға тура келді. Содан ота жасалды. Нәтижесінде Нұрсәуленің енді еш қымсынбастан мектепке баруына болады.                                           


«Балама операция істегеннен кейін, еститін болды. Дәрігерге алғысымды айтамын. Содан бері сөйлейтін болды. Ақырын айтсақ та естиді. Бұрынғысындай емес, бала белсенді бола бастады. Айырмашылық бар», - деді     Нұрсәуленің әжесі Бұлбұл ҚҰСАЙЫН.

 

Құлаққа магнитті имплант орнату әдісі алғаш рет Швецияда қолға алынған еді. Ондағы операция осыдан 45 жыл бұрын жасалған. Кейін іргедегі Ресей елінің мамандары да тың тәсілді қолдана бастайды. Ал Қазақстанда бұл алғаш жасалған ота. Нұрсәуле де тұңғыш пациент.           


«Алдымен науқастың құлақ тұсын ойып, ішіне имплант орнатқанбыз. Жарты жылда ол сүйекке толық бітіп үлгерді. Сыртқы аппарат орнаттық. Бұл баланың дыбысты анық әрі таза естуіне мүмкіндік береді. Енді баланың жетілуіне ешқандай кедергі жоқ», - деді «Ақсай» университеттік клиникасының сурдолог-дәрігері Жанна ҒАББАСОВА.

 

Қазір елімізде мыңға жуық баланың естуінде ақау бар екен. Оның 100-ге тартасына дәл осындай магнитті имплант орнату керек. Бұл  арзан операция емес. Бір ғана жарақ құны 2 жарым млн теңгеден асады. Қомақты қаражат көбісінде жоқ. Сондықтан науқастарға квота бөлу мәселесі қазір қарастырылып жатыр.  


«Бұл елімізде бірінші рет жасалған операция. Келесі жылдан бастап соны жоспарлы түрде тегін жасауды біз жоспарлап отырмыз», - деді «Ақсай» университеттік клиникасы лор орталығының жетекшісі Айгүл МЕДЕУЛОВА.

 

Құлаққа имплант орнату үшін өзге елдерге сабылатын отандастарымыз енді өз елімізде де дәрігерлердің жәрдеміне жүгіне алады. Министрлік жыл соңына дейін қажетті қаражат бөлсе, онда кезекте тұрған балаларға тың операция жасалмақ. Осының көмегімен Қазақстандағы құлағында мүкістігі бар балалардың санын азайтуға болады.

 

Дастан Сейілханұлы, Әсет Құндақбаев, «Алматы» телеарнасы      


Новости партнеров