Білім ордалары жұмсалған қаржы жайлы ата-аналарға ашық айтуы тиіс – Шпекбаев

Білім ордалары жұмсалған қаржы жайлы ата-аналарға ашық айтуы тиіс – Шпекбаев
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Білім мен тәрбие беретін мемлекеттік мекемелерге бөлінетін қаржының жұмсалуы ашық болуы керек. Жемқорлықтың алдын алатын мәселені елордада Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттігінің басшысы Алик Шпекбаев пен Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев талқылады.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік төрағасы Алик Шпекбаев еліміздің әрбір білім беріп отырған ордасы жұмсалған мемлекеттік қаржы жайын ашық айтуы керек деді. Бұл мәселеде ата-аналар белсенділік танытып, бюджет жайын мекемелерден сұрауға қорықпауы және ұялмауы тиіс.  

«Менің мектеп, колледж, балабақша басшыларына айтарым бар. Сіздердің мекемелеріңіздің бюджеті қаншалықты ашық? Ата-аналар мемлекеттен бөлінген қаржының қанша және қайда жұмсалып жатқанын біле ме? Қазақстан транспарентті ел саналады. Рет-ретімен барлық салада ашықтықты енгізіп келеміз. Сондықтан сіздер басқарып отырған мекемелерде де бәрін ашық ету керек. Сонда ғана «көз қысты, бармақ басты» ұғымын жоямыз», – деді ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик ШПЕКБАЕВ.

Үш жылда Астананың білім саласына қаржы құю көрсеткіші 70 пайызға ұлғайған. Яғни, 44 миллиардтан 65 миллиард теңгеге дейін жеткен.  

«Жеке инвестиция тартуға да тырысамыз. Мысалы, бизнесмендер көмегімен мектепке дейінгі білім беру мекемелерінде 18 мың жаңа орын ашылды. Санаққа салсақ, 75 мемлекеттік балабақшаға 96 миллиард теңге керек еді. Бірақ кәсіпкерлер көмегінің арқасында тек  жыл сайын 6 миллиард теңге бөліп отырмыз», – деді Астана қаласының әкімі Әсет ИСЕКЕШЕВ.

Биыл 7 ақпанда жергілікті әкімдік пен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ведомство пара беру мен алуға бірлесе қарсы тұратынын жариялаған болатын. «Астана – адалдық алаңы» деп аталатын бастама жайының осы уақыттан бергі нәтижесі талқыланды.

«Білім саласындағы мамандар қатаң бақылауға алынған. Әсіресе, басшылар. Ешқандай мектеп ата-анадан қандай да «керек-жараққа» қаржы талап ете алмайды. Өйткені, барлық нәрсеге үкіметтен ақша қарастырылған. Бүгін айтылған сұрақ – қаржы ашықтығы да қаперде. Балабақша, мектеп, колледж, жоғарғы оқу орындарында мемлекеттік қаржының қайда жұмсалатыны бізге маңызды», – деді ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Астана қаласы бойынша департамент басшысы Жазира ЖЫЛҚЫШИЕВА.

7 айда қоғамның осал тобына жататын 2 жарым миллион азаматқа мемлекеттік қызмет алу жолы оңтайлындырылды. Ал ауруханаларда цифрландыру бағдарламасы аясында электрондық жүйе енгізілген.


Нұржан Сәдірбай, «Алматы» телеарнасы, Астана

Новости партнеров