Алматының қақ ортасы қобырсып жатыр

Алматының қақ ортасы қобырсып жатыр
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматының қақ ортасы қобырсып жатыр. Алмалы ауданының экологтары жеке фирмаға тиесілі үлкен алқап атқыл қалдыққа көмілген деп, дабыл қағуда. Олар телім иесіне осыған дейін бірнеше мәрте ескерту жасапты. Алайда, құзырлының айтқанына құлақ түрген жауапты жоқ. Олар тіпті, тексерушілерден сескенбейтін болған.

Қобырсып жатқан қапсағай телімді жалға алғанның уәжі бұл. Төңірекке күл-қоқысты үйіп төккен өзгелер деуден тайынбаған кәсіпкер, құзырлылар таққан айыпқа біраз уақыт келіспей жүрді. Тіпті, аумақты қатқыл қалдықтан аршудан бас тартты. Айтуларынша, маңайға топтасып келетін маскүнемдер мен нашақорлардан әбден мезі болыпты.                                        

Бұл жерде көлік жуатын және жөндейтін қос орталық жапсарлас тұр. Екі кәсіпкер де жеке фирмаға тиесілі жерді жалдайды. Содан нәпақа айырады. Ал, артылған дүниелерін бос аумаққа үйе берген. Шашылып жатқан мына көлік жабдықтары соның нақ айғағы. Сондықтан сөзден сүрінбеген іскерді дәйекті сөйледі деуге келмес.  

Мүләйімсіген орталық басшылары осылайша айыппұл арқалады. Табиғатты қорғау полициясы оларға 30 айлық есептік көрсеткіш көлемінде екі бірдей хаттама толтырды. Олар енді кешке дейін айғыздалған аумақты тап-тұйнақтай етулері тиіс. Негізінен, қаланың қақ ортасындағы бұл жер бұрыннан қоршаулы тұр. Кезінде жеке фирма басшылары осы орынға тұрғын үй кешенін тұрғызбақ болыпты. Бірақ қаржысы бітіп, телімді банкке кепілдікке қойған. Содан бері тегіс телімді көлденең көк аттылар ластап  келеді.    

Ат шаптырым аумақты тәулік бойы күзететін қарауыл бар мұнда. Сөйте тұра, қоршалған жер қатқыл қалдыққа тегіс көмілген. Шамасы, түнгі мезетте жүк таситын машиналар жұрттан тасада құрылыстан артылған осындай заттарды тастап кетсе керек. Ал, қырағы күзет «ешкімді байқамадым» деп, жақ ашпайды.

Тіл қатудан тартынған күзет біз келгенде ізім-ғайым жоқ болды. Камерадан қорықса керек. Өйткені, мұнда былық дейтін бастан асады. Экологтар пысықайларлардың тіпті еш рұқсатсыз көлік тұрағын салып алғандарын да айтады.    

«Бұл кісілерге айттық, ескерттік. Төңіректі қоршасын, таза ұстасын деп. Бірақ біздің сөзімізге құлақ асқан ешкім жоқ. Олар тіпті телефондарын өшіріп тастайды. Өздеріңіз көрдіңіздер, күзетшілері де қашып кетті», - деді Алмалы ауданы экология бөлімінің басшысы Айдос ЖОЛДАСОВ.

Жауаптыларды жазалау мүмкін болмады. Бірақ әкімдік қызметкерлері олардың бұл ісін қайткенмен де май шаммен қараймыз деп отыр. Жалпы, Алмалы ауданында жыл басынан бері 192 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Оларға салынған айыппұл көлемі 3,5 млн теңгеге жуықтайды.

Дастан Сейілханұлы, Әсет Құндақбаев "Алматы" телеарнасы  


Новости партнеров