Алматыда азық-түлік сақталған қойма жанып кетті

Алматыда азық-түлік сақталған қойма жанып кетті
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматының Түрксіб ауданында халық тұтынатын тауарлар сақталатын бірнеше қойма жанып кетті. Төтеншеліктер қазір өрттің шығу салдарын анықтап жатыр. Алдын-ала болжам бойынша, қоймалардың бірінде түнгі уақытта дәнекерлеу жұмыстары жүргізілген. Оттың тұтануына сол себеп болуы мүмкін. Үш жүзге жуық адамды жұмыспен қамтып отырған кешеннің одан арғы тағдыры әзірге белгісіз.

Жалын 17 мың шаршы метрден астам аумақты шарпыған. Төтеншеліктердің айтуынша, 13 қойманың төртеуін аман сақтап қалу мүмкін болыпты. Ал тоғызында болған жалынды олар қазір оқшаулаған.

«Жалпы қойма саны 13. Оның жетеуі, жаңа мен айтып өткендей өртке оранған. Тоғызыншы ангарға өрт ауысу болған кезде Алматы қаласының өрт сарбаздары оны тоқтатқан. Сонда 4 қойманы сақтап қалды деп айтса болады. Өрттің шығу себептері анықталуда, өйткені осы жерде Алматы қаласының өрт зертхана қызметкерлері жұмыс істеуде»,-деді Алматы қаласы ТЖД ресми өкілі Сандуғаш БАЙМҰХАМБЕТОВА.

Жалынды ауыздықтауға Алматының өрт сөндіру қызметінің 75 жеке құрамы, 23 бірлік арнайы техникасы жұмылдырылған. Отқа оранған аймақ, яғни «Қайрат» ықшам ауданында су қоры болмағандықтан коммуналдық қызмет өкілдері де көмекке келсе, «Қазәуеқорғаныс» мекемесінің тікұшағы 130 тоннадан астам су тасыпты.

Осы маңда тұратын тұрғындардың айтуынша, өртке оранған қоймаларда халық тұтынатын тауарлар мен балалар тағамдары және азық-түлік сақталған деседі. Ал осы жерде айлығын шайлығына жеткізіп жүрген, қызмет жасап жүрген азаматтардың одан арғы тағдыры әзірге белгісіз.

Ал қоймалар кешені директорының айтуынша, нысандардың барлығында өрт қауіпсіздігі қатаң сақталып келген. Қазір шығындар анықталып жатыр. Тауар сақтайтын нысанды жалға алып отырғандар тексеру қортындысын күтулеріне тура келеді. Ал, жанып кеткен тауарлардың ақысын әзірге кім төлейтіні белгісіз.

«Қауіпсіздікті барынша қамтамасыз ету үшін бұл жұмысқа жауапкершілікпен қараймыз. Нысандардың барлығында дабыл белгісі, өрт сөндіру жүйесі мен бейнебақылау камералары орнатылған. Кеше түнде түнгі қауіпсіздік қызметі жұмыста болған. Барлығын тексеріс нәтижесі көрсетеді»,-деді қоймалар кешенінің директоры Олег ЧАРЛИН.

Нақтыланбаған мәлімет бойынша, жалын тұтанған 7-ші қоймада дәнекерлеу жұмыстары жүргізілген екен. Төтенше жағдайдың туындауына да осы түрткі болуы бек мүмкін. Өйткені мұндай шаруалардың барлығы арнайы рұқсатпен, оның үстіне күндізгі уақытта жасалуы тиіс. Бірақ барлығын тексеріс жұмыстарының нәтижесі көрсетеді.

Азамат Әуезхан, Арсен Сандыбаев, "Алматы" телеарнасы.


Новости партнеров