Қазақстандық кәсіпкерлерге Иран нарығына кіруге жаңа мүмкіндіктер ашылып жатыр. Иранда біздің уран ғана емес, сонымен қатар, ауыл шаруашылық, шикізат өнімдері мен азық-түлікке деген сұраныс жоғары. «Қазнекс Инвест» агенттігінің мамандары бизнесмендерге Иранда өз ісін дөңгелетудің жеңіл жолын түсіндірді.
Иранда бизнес жүргізудің жай-жапсары айтылатын алаң Қазақстанда алғаш рет ұйымдастырылды. Екіжақты кездесуге қос мемлекеттің бизнес өкілдері мен жоғары шенді мемлекеттік қызметкерлері қатысты. Тараптар пікір алысып, тың бастамаларды талқылады.
«Қазақстан мен Иран арасында тауар айналымы 2016 жылы 600 млн теңгеге тең болды. Оның 90 пайызы Қазақстаннан Иранға экспортталатын өнімдердің үлесі. Бұл сауда теңгерімінің біздің жақта екенін көрсетеді. Біз бұл мемлекеттен алатынымыздан гөрі сататынымыз әлдеқайда көп», - деді «Kaznex Invest» агенттігі басқарма басшысының орынбасары Мейіржан МАЙКЕНОВ.
Басқосуда мемлекеттік реттеу сұрақтары, құжаттарды рәсімдеу, сауда жасау жолдарын жеңілдету мәселелері сөз болды. Биыл тауар айналым көлемін арттыру көзделген. Техникалық жоспар расталса, еліміз уран экспорттауды бастайды.
«Біз алдағы үш жылда Қазақстаннан уранды испорттауды бастап кетеміз деп жоспарлап отырмыз. Енді қажет құжаттардың рәсімделуін күтеміз. Содан кейін жоспарды жүзеге асырып, үш жылда 950 тонна уранды тасымалдауды көздеп отырмыз», - деді Иран Ислам Республикасының қазақстандағы елшісі Моджтаба ДАМИРЧИЛУ.
Бұл алаңда жиналғандардың басты мақсаты - диалог құру. Ешбір құжатқа қол қою жоспарда жоқ. Десек те, кездесулердің бастамасы бүгіннен басталады дейді тараптар. Иранды еліміздің металл өнімдері, азық-түлік, көлік құрастыру саласының тауарлары, құрылыс және химия өнеркәсібінің материалдары қызықтырады. Айта кетейік, 2016 жылы Қазақстан мен Иран арасындағы тауар айналымы 600 миллион долларды құраған.
Әнуарбек Жәлел, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы