Жол апатынан аяқсыз қалған Екатерина Парафиева айыпкерді жауапқа тарту үшін сотқа келді

Жол апатынан аяқсыз қалған Екатерина Парафиева айыпкерді жауапқа тарту үшін сотқа келді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда жантүршігерлік жол апатынан аяқсыз қалған Екатерина Парафиева айыпкерді жауапқа тарту үшін сотқа келді. Сот тергеу ісі басталды. Жазда әл-Фараби даңғылында болған қайғылы оқиға көптің есінде. Қазақстандықтар зардап шеккен жас қызға қолдау танытып, жол апатына кінәлі жүргізушінің лайықты жазалануын талап еткен еді. Ал оқиғаға айыпты деп танылған автобус жүргізушісі өз кінәсін толықтай мойындамады. Дәурен Жаңабаев 20 миллион теңге көлемінде белгіленген моральдік шығынмен де келіспейтінін мәлімдеді.

Бұл сот көптің асыға күткен отырысы болған шығар, сірә. Себебі, сол сұмдық апаттың кесірінен екі аяғынан бірдей айырылған Екатерина Парафиеваның денсаулығына алаңдамаған адам кемде кем. 16 маусым күні әл-Фараби даңғылының бойында көлікпен келе жатқан бойжеткен бір мезетте мүгедекке айналған еді. Жәбірленуші көлігінің дөңгелегі ашық қалған люкке қалай түсіп кеткенін, жағдайды білу үшін жол жиегіне тоқтағанын және әрі не болғанын, бәрін сотта айтып берді. 

«Мен дөңгелегіме не болғанын анық білмедім. Ол орнында тұр ма, жоқ па. Соны анықтау үшін апаттық белгіні қосып, сыртқа шықтым. Жүк салғышыма келіп, оның есігін ашайын деген едім. Сол мезетте бұрылып қарасам, Тойота камридің тура маған қарай ұшып келе жатқанын көрдім. Дәл сол кезде соққы алдым. Көліктің жылдамдығы сонша, мен қандай да бір әрекет жасай алмадым»,- деді Жәбірленуші, Екатерина ПАРАФИЕВА.

Екатеринаны соққан Тойота маркілі көліктің иесінен де жауап алынды. Алайда, оның ойынша жол апатының туындауына кінәлі - Дәурен Жаңабаев. Қоғамдық көліктің соққысынан Тойота 180 градусқа бұрылса керек. Ұшып барып, жол бойындағы Парафиеваны соққан. 

«Көлігім айналып кетті. Нақты қалай болғанын білмей қалдым. Есімді жиып, көліктен шықтым. Апат болғанын және жерде жатқан қызды көріп есеңгіреп қалдым»,- деді Куәгер, Ұлан ӘБДУӘЛИЕВ.

Сотта не болғанын түсінбедім деп дегбірі қашқан Ұлан Әбдуәлиев іске куәгер ретінде тартылған. Бірақ апат болған сәтте оның жол үстінде ұялы телефонмен сөйлесіп келе жатқаны белгілі болды. Жәбірленуші тарап Әбдуәлиевтің кіммен сөйлескенін анықтап, оны да сотқа куәгер ретінде шақыртуға ұсыныс жасады. 

Ал айыпталушы Жаңабаевтың адвокаты жол көлік апатына өзге де қатысушылардың кінәсі бар екеніне сенімді. Осыған орай қорғаушы сот алды тергеу ісін қайта тағайындауды сұраған еді. Алайда, оның бұл ұсынысын сот қанағаттандырмады. Сондай-ақ, айыпталушы тарап моральды шығын ретінде сұралып отырған 20 миллион теңгені өтеуге шамасы келмейтінін жеткізді. 

«Бұл көлік оқиғасы материалдық қылмыс емес. Бұл ереже бұзу салдарынан ғана туындайтын қылмыс. Бұл жерде Парафиева да ереже бұзып отыр. Өйткені, әл-Фараби көшесі ол жоғарғы жылдамдықпен жүретін жол болып саналады. Бұл жерде жолдың бұзылғанымен, мейлі көліктің балоны жарылғанның өзінде көліктің жүруге мүмкіншілігі ол кезде болған»,- деді Айыпталушының адвокаты, Бақытжан СЕЙДӘЛИЕВ.

Сот залында автобустың артында жүріп келе жатқан тағы бір көліктің жүргізушісі куәгерлік көрсетті. Ол тек жолдың сол жақ шетінде Парафиеваның машинасын ғана көрген. Ал кімнің қалай соққанын байқамапты. Тіпті апаттың қалай болғаны жолда ілінген бейнекамераларға да түспей қалған. Ал Екатерина Парафиева біреуді кінәлаудан аулақ, тек бәрі заң жүзінде болғанын қалайды.

«Мен біреуді кінәлағым келмейді. Айыптыны анықтауға сот бар. Мен біреуге жаза кесе алмаймын. Өз куәлігімді бердім. Сарапшылар, куәгерлер келіп өзінің жауаптарын айтып жатыр. Мен соттың әділ шешіміне сенемін»,- деді Жәбірленуші, Екатерина ПАРАФИЕВА.

Келесі сот отырысы енді қарашаның 7-не белгіленді. Жәбірленуші адвокатының сұрауымен жолдағы люкке жауаптылар мен әкімдік қызметкерлерінен де сұрау алынады.

Назкен Байтілес, Рашиддин Якупов, «Алматы» телеранасы



Новости партнеров