|
11.07.2018 | 19:15
4772

«Алматы-2» теміржол бекеті жұмысын тоқтатуы мүмкін

«Алматы-2» теміржол бекеті жұмысын тоқтатуы мүмкін

Алматыдағы ең ірі теміржол вокзалдарының бірінде өрт қауіпсіздігі ережелері сақталмай келген. Өткен жылы тексеру жүргізген қалалық Төтенше жағдайлар департаменті бірнеше өрескел заңбұзушылықты анықтаған. Осыған байланысты хаттама толтырылып, іс қалалық әкімшілік сотына жолданыпты.    

Қалалық төтенше жағдайлар департаменті «Алматы-2» теміржол бекетіндегі тексерісті өткен жылдың жазында жүргізген. Оның барысында өрт қауіпсіздігі ережелерінде 14 заңбұзушылық анықталған. Осыған байланысты ескерту жасалып, оны жоюға уақыт берілген. Алайда, былтырғы жылы қыркүйек айының ортасында қайта тексеру жүргізіп шыққан мамандар екі олқылықтың түзелмегенін тіркеген. Іс әкімшілік сотқа жолданып, 15 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынған.

«2018 жылдың 29 наурызында Төтенше жағдайлар департаменті Алматы қаласы мамандандырылған экономикалық сотына «Алматы-2» темір жол вокзалын барлық талапты орындамағанша жұмысын уақытша тоқтату туралы талап арыз жолдады. Сот шешімі бойынша 2018 жылдың 22 мамырында бұл шағым қанағаттандырылды. Оны Азаматтық процессуалдық кодекс бойынша соттың шешімін сот актілерін орындау департаменті жүзеге асыруда», – деді Алматы қаласы ТЖД Басқарма басшысының орынбасары Айдос НҮСІПБАЕВ.

Төтеншеліктердің сөзінше, ғимаратта өрт сөндіру қызметі жоқ және дабыл беру жүйесі жұмыс істемейді. Ал екінші тарап барлығы жөнделіп, олқылықтар түзелгенін алға тартуда.

«Анықталған ереже бұзушылықтың 95 пайызын орындадық. Дабыл беру жүйесі жұмыс істеп тұр. Олардың талабы бойынша өзге өрт мекемесі болуы тиіс. Біз әкімшілік сотта өзіміздің меншікті өрт сөндіру қызметіміз бар екенін алға тартқанбыз», – деді «ҚТЖ» ҰК АҚ Алматы магистралды бөлімшесі филиалы директорының орынбасары Ерік ШЫНТЕКОВ.  

«Қазақстан темір жолы» компаниясы қалалық әкімшілік сотқа аппеляциялық шағым түсірген. Ол 18 шілдеде қайта қаралмақ.

«Соттың шешімі заңды күшіне енген жоқ. Аппеляциялық шағым бойынша іс 18 шілдеге жоспарланған. Азаматтар ісі бойынша сот коллегиясы қарайтын болады», – деді Алматы қалалық соты Ақпараттық қамтамасыз ету бөлімі басшысының міндетін атқарушы Бауыржан АХМЕТОВ.

Вокзал жазғы маусымда күніне орташа есеппен 5 мың жолаушыға қызмет көрсетеді. Қаладағы ең ірі бекет басшылығы аппеляциялық шағым қаралған уақытқа дейін төтеншеліктердің кезекті тексеруінің жоспарланғанын алға тартуда.

Перизат Көмекбайқызы, Валерий Таубалдиев, «Алматы» телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир