«Алматы-2» теміржол бекетіне қатысты іске нүкте қойылды

«Алматы-2» теміржол бекетіне қатысты іске нүкте қойылды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері «Алматы-2» теміржол вокзалын өрт қауіпсіздігіне байланысты кезекті рет тексерді.

Нәтижесінде, бұған дейін анықталған заңбұзушылықтың реттелгенін анықтапты. Бүгін қалалық сотта «Қазақстан темір жолы» компаниясы түсірген аппеляциялық шағымы қаралды.    

Төтенше жағдайлар қызметі өкілдерінің «Алматы-2» темір жол вокзалы ісін сотқа жолдауына апат кезінде іске қосылатын дабыл жүйесінің жұмыс істемеуі және өрт сөндіру қызметінің жоқтығы себепші болған еді.

Жалпы, өткен жылғы тексеру кезінде 14 заң бұзушылық анықталған. Вокзал басшылығы әсіресе, екі талапты дер кезінде орындамаған. Сол олқылықтың жойылғанын төтеншеліктер күні кеше өткен кезекті тексеруде тіркепті.

«Кеше тексеру өткізілді. Барлығын көрсеттік. Біреуі вокзалдың ішінде өрт сөндіруші болуы керек. Ол өзіміздің құрылымнан болды. Оларға да бұйрық шығарылды, қазір бәрін реттедік. Екінші кемшілік – өрт сөндіру сигнализациясының дұрыс істемеуі. Соған байланысты келісім-шарт жасалып, барлығы орындалды», – деді «Алматы-2» темір жол вокзалының басшысы Айжамал ЖАҚСЫЛЫҚОВА.

Аталған іс алғаш рет былтыр қалалық әкімшілік сотта қаралды. Ал биыл мамырда қалалық мамандандырылған экономикалық соты өз шешімін шығарды. Яғни, барлық заңбұзушылықтар орындалмайынша, вокзал жұмысын тоқтатуы тиіс деген ұйғарымға келді. Айыпты тарап экономикалық соттың шешімімен келіспей, аппеляциялық шағым түсірген болатын. Ол бүгін қалалық сотта қаралды.

«Қалалық мамандандырылған экономикалық соты шешім шығарғанда, аталған заңбұзушылықтар әлі жойылмаған болатын. Бірінші инстанцияның соты жұмысты уақытша тоқтату туралы шешімді заңды, дәлелді шығарды. Қазіргі таңда ондай шешімге негіз жоқ, яғни барлығы жойылды. Шағым түсіруші тарап өкілі заңбұзушылық жойылғандықтан, оның ары қарай орындалуын талап етпейтінін алға тартты», – деді Алматы қалалық сотының судьясы Гүлбарам ЕСЖАНОВА.

«Алматы-2» теміржол вокзалына күніне 20-дан астам пойыз қатынайды. Жазғы маусымда қосымша 4 пойыз іске қосылады. Себебі, дәл осы уақытта жолаушылар қатары арта түседі екен. Олардың қатары орташа есеппен, 5 мыңға жуықтайды.

Перизат Көмекбайқызы, Мұрат Тайжанов, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров