Алматы орталығындағы үйлердің шатыры жамалып, сыртқы беті қалыпқа келтіріледі. Мәселен, Алмалы ауданындағы жарты ғасырлық тарихы бар он шақты тұрғын үй модернизация бағдарламасына енді.
Әйтеке би көшесіндегі мына нөмірі 91-ші үйдің шатыр жабыны шамамен жарты ғасырдан бері бір де бір рет жөндеу көрмеді дейді тұрғындар. Қабырғасы 1960- жылдары салынған үйлер қазір әбден ескірген. Сондықтан, тұрғындар төбесі тесілген шатырды және сыры кеткен сыртқы сылақты жаңартқанды жөн көріпті. Сол мақсатта қалалық Тұрғын үй-жай шаруашылығын дамыту бағдарламасына қатысқан.
«Тұрғын үйді ретке келтіреміз деп ойлаймын. Қалған кішігірім жұмыстарын өзіміз жасай аламыз. Тек ауқымды жұмыстарды бітіріп берсе болды», – дейді «Верный–1» ПИК төрағасы Магадам САФАРОВ.
Ал Абылай хан көшесіндегі 4 қабатты үйдің тұрғындарының қуанышында шек жоқ. Өйткені, олар төбесі тесілген шатырды толықтай жаңасына ауыстырып, тұрғын үйдің қабырғасын боятып алған.
Бұл күндері құрылысшылар Алматының Алмалы ауданындағы көпқабатты 5 тұрғын үйдің шатыр жабындыларын жаңалап жатыр. Сондай-ақ, олар екі үйдің қасбетін бояп, келбетін көріктендіруде.
«Алмалы ауданы бойынша 61 үйде бүгінгі таңда күрделі жұмыстар жүргізіледі. Оның ішінде 28 көп қабатты үйлер шатыры мен үйдің қасбеттері және инженерлік желілері ауыстырылады. 33 үйде 75 лифттер ауыстырылады. Бүгінгі таңда 5 үйде күрделі жұмыстар жүргізілуде», – деді Алматы қаласы Алмалы аудандық коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Руслан АЙТАМОВ.
Бағдарлама аясында басталған құрылысты мердігер мекемелер жылыту маусымы басталғанға дейін аяқтамақ. Ал жұмыс сапасын тұрғындардың өздері бағалайды.
Жадыра Омаржан, Айбану Анарбаева, Валерий Таубалдиев, «Алматы» телеарнасы