|
09.05.2020 | 15:12
10796

Таразда 97 жастағы ҰОС ардагері соғыстан тауып алған баласын іздейді

100-ге жақындаған шағында, қария ұрыс алаңында құтқарған сәбиді бір көрсем деген арманы барын айтқан

Таразда 97 жастағы ҰОС ардагері соғыстан тауып алған баласын іздейді Almaty.tv

Таразда 97 жастағы Ұлы Отан соғысының ардагері соғыстан тауып алған баласын іздейді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

100-ге жақындаған шағында, қария  ұрыс алаңында құтқарған сәбиді бір көрсем деген арманы барын айтқан. Бір қызығы солдат бейтаныс сәбиге, өз тегін беріп атын қойған екен. Жалпы Жамбылда биыл санаулы қалған батырларға қандай құрмет көрсетіліп жатыр?

Соғыс алаңында жас сәбиді құтқарған жауынгердің есімі  –  Махмұт Бисімбаев. Ұлы Отан соғысының ардагері 1941 жылы жау әскері  Сталинград түбін бомбалаған кезде, бейкүнә баланы тауып алғанын айтады. Анасы қаза болған баланы бауырына басып құтқарған қария, кейін санитарлық батальонға тапсырған.

«8-9 айға келіп қалған бала, бәрі қан. Қасына барып қарасам, анасы жатыр екен.... (Үнсіз қолымен басының ортадан бөлініп кеткенін көрсетеді) Сөйтіп баланы шомылдырдым, шомылдырып киімін кигіздім. Қалай тастаймын? Алып шықтым көтеріп. Түгел солдаттың бәрі жиналып қалыпты. Бәрі күліп жатыр, Тығылам деп отырып бала тауып алды деп! Сөйтіп тапсырдым, Бисімбаев Бақыт деп ат қойып  кеттім...»,  – деді Ұлы отан соғысының ардагері Махмұт БИСІМБАЕВ.

1941 жылдан бастап 53-жылға дейін, соғысқа, одан соң соғыс салдарын жоюға қатысқан жауынгер, 12 жыл дегенде отанға оралған. Бірақ сұрастырған баладан хабар ошар жоқ. Ендігі ел тыныштығын тілеген қарияның бір тілегі сол сәбимен көз тірісінде көрісу.

Тараз жастары бұл жылы ардагерлерді ерекше құттықтауға тырысты. Ұйымдастырушылар, ұлы жеңістің 75 жылдығы қарсаңында көпқабатты үйде тұратын батырларды көтерме кран арқылы қуантты. Алаңда арнайы оркестр ойналды, гүл шоқтары төбеге көтеріле табысталды.

Ардагерлерді құттықтау шарасы мұнымен бітпейді. Бүгінде өңірде  тұратын 57 Ұлы Отан соғысы ардагерінің әр қайсысына 1 миллион теңгеден әлеуметтік көмек көрсетілді. Сондай-ақ, оларға Мемлекет басшысының атынан медальдар, алғыс хаттар мен азық-түлік себеттері берілді. Оны облыс әкімі мен жергілікті билік үлестірді. Жалпы, жеңісті туын көтерген батырларымызға көрсетілген кез келген құрмет ешқашан артық етпейді.

Мерей Бает Мейіржан Ерболатов «Алматы» арнасы,  Тараздан

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир