|
26.04.2021 | 16:54
3090

ҰОС ардегері Ибат Жұмаев жайлы не білеміз

Ұйымдастырушылық қабілетімен бірден көзге түскен ол соғысқан жерлерінде бөлімше командирі, участок коменданты, взвод командирінің орынбасары болған

 ҰОС ардегері Ибат Жұмаев жайлы не білеміз

ҰОС ардегері Ибат Жұмаев 1917 жылдың 18 сәуірінде бұрынғы Жымпиты ауданы, Сарой селосында дүниеге келген.  Еңбек жолын Қазақстан ауыл кеңесінде бастауыш сынып мұғалімі болып бастаған ол соғысқа дейін түрлі қызметтерді атқарады, деп хабарлайды Almaty.tv. 

1942 жылдың 25 шілдесінде Қызыл Әскер қатарына алынған. Ұйымдастырушылық қабілетімен бірден көзге түскен ол соғысқан жерлерінде бөлімше командирі, участок коменданты, взвод командирінің орынбасары болған.  

Воронеж фронтында 237-атқыштар дивизиясы, 524-пулемет батальоны бөлімі, 2-пулемет ротасы көмекшісі болған ол аға лейтенант Малковтың ұсынысымен «Қызыл Жұлдыз» орденіне ұсынылып, 1943 жылы марапатталған.  

Малковтың келтірген сипаттамасы бойынша 1943 жылдың 5 ақпанында Ибат Жұмаев көмекшілік ететін ротаға Курск облысының Жоғары Клещенка ауылынан Марьино селосына шығу және осы жолдағы қарсыластарға соққы беру тапсырылады. Ұрысты бастаған сәтте қасындағы бірінші нөмірлі жауынгер жараланып, жолдас Жұмаев тез арада пулеметты қолына алып, қарсыластарға оқ атқан сәтінде бірден 15 немістің көзін жояды. Және фашистердің алға жылжуына мүмкіндік бермейді. Осы соғыстың екінші күнінде  Сенное ауылында взвод қатарынан алға бірінші боп шығып, бес немісті жер жастандырады. Ал ақпанның тоғызыншы күні Ефрасимовка селосын алу барысында ардагер Жұмаев қарсыластарының отты бөшкелерінің көзін жойып,  сол жерде он немісті ажал ауылына аттандырған (www.podvignaroda.ru сайтынан алынған мәлімет).

Ибат Жұмаев соғыста төрт жылын өткізіп, келгеннен кейін совхоздың жұмыстарына араласады. Ауыл шаруашылығы саласында жетістікті еңбек етіп, жоғары нәтижелер көрсеткені үшін алғыс хаттармен марапатталады, «Еңбек Ері» атанады. Алайда өзі келгеннен кейін ұрпақтарына соғыс туралы көп ашылып айта бермеген, сөйтіп ардагердің көптеген ерлігі жұмбақ күйінде қалыпты.

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир