92 жастағы тыл ардагері Шәукен Асылбекованың өнегелі өмірі

92 жастағы тыл ардагері Шәукен Асылбекованың өнегелі өмірі
Таң сәріден күн қарайғанға дейін тынымсыз еңбек етіп мехнатты бейнет шегеді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Шөп шауып, трактор жөндедік». 92 жастағы тыл ардагері Шәукен Асылбекова соғыс жылдарында басынан өткен қиын бейнетін әңгімелеп берді. Қара жұмысқа ерте араласқан қазақ қызы тағдырдың сынына шыдап, бүгінде іргесі берік әулеттің әзиз анасына айналған. Ерге бергісіз еңбек еткен кейуана бірнеше мерекелік медальмен марапатталған. Тылда тынымсыз шаруа бітірген қариямен Almaty.tv тілшісі Назкен Еркін тілдесіп қайтты.

Тыл ардагері Шәукен апа Бейсеғұлқызы сол бір сұрапыл майдан жылдарын бүгінде күрсіне еске алады. Екінші дүниежүзілік соғыс жүріп жатқан тұста Шәукен апаның жасы небәрі 7-8-де болса керек. Алматы облысына қарасты Бесмойнақ ауылында туып өскен кейуана балалық шағымыз қара жұмысқа жегілумен өтті дейді. Сол кездегі қаршадай ғана қыз анасымен егістікке шығып, бидай орады екен.

«Шөп шаптым ба, шөпті тасыдық, мая жасадық. Жасамағаным жоқ. Кішкентай болсам да, әйтеуір тырмысып жасай бердім. Содан кейін тракторды жөндеуге бардық. Жастардан ешкім жоқ. Қыста да қарап отырмаймыз. Шұлық, қолғап тоқыдық. Сөйтіп оны салып жүрдік», – деді тыл ардагері Шәукен Асылбекова.

Қолдан жасаған бұйымдарын соғыста жан беріп, жан алысып жүрген жауынгерлерге жіберіп отырыпты. Таң сәріден күн қарайғанға дейін тынымсыз еңбек етіп мехнатты бейнет шегеді. Ол кездері ағыл-тегіл ас та жоқ, бәрі санаулы еді дейді.

«Қиналасың ғой, тамақ жоқ. Ашаршылық. Тамақтың бәрін соғысқа әкетеді. Тепеңдеп баламын ғой енді, сондағы беретінін бір шыны қарамық бидай. Бидайды қуырамыз, оны керіп жейміз. Ақ су ішеміз», – деді тыл ардагері Шәукен Асылбекова.

Шәукен апаның әкесі мен бауырлары да қан майданға аттанып, сол күйі оралмаған. Ауылдың ер-азаматтары әскерге алынған соң қара күштің бәрі әйелдердің мойнында болады. 18-ге келгенде ауыл жігітіне тұрмысқа шығып, 9 құрсақ көтереді. Қажырлы, қиын еңбектің арқасында үлкен өнегелі әулетке айналады.

«Шешем айтатын, әкем екеуі қол ұстасып мені бесікке салып егістіктің басына тастап кетіп, өздері жұмыс істейтін. Кішкене есімді біліп, 2-3 жасқа толғанда екі бөлмелі үйіміз болды, сонда қамап кететін», – деді Шәукен Асылбекованың ұлы Тілеухан Асылбеков.

Отбасының ұйытқысына айналған еңбек ері қазір немере, шөбере сүйіп, бейнеттің зейнетін көріп отыр. Қарт ана келер ұрпақтың еңбекқор, қағылез, ісіне адал болуына өсиет айтып, ақ батасын берді.

Айта кетейін, бүгінде қала бойынша 118 Ұлы Отан соғысының ардагері, 12 мыңнан астам тыл ардагері бар.

Назкен Еркін, Ғани Қалуов, «Алматы» арнасы

Новости партнеров