Жеңіс күні қарсаңында Наурызбай ауданының басшылығы да ардагерлердің үйіне барып, мерекемен құттықтады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Саналы ғұмырын соғысқа сарп етіп, санаулы қалған сарбаздар саны ауданда үшеу. Олардың екеуі қалада, біреуі облыс аумағында тұрады.
«Ардагерлерімізге ешқандай көп нәрсе керек жоқ. Тек қана сол көңіл бөлсе болды. Яғни, үнемі бақылауда ұстап, жағдайын күндіз-түні қарап, біліп отырамыз. Жалпы жағдайы жақсы. Көңіл-күйі жақсы. Өздеріңіз көргендей, бүкіл тілегін де айтып отыр», – деді Наурызбай ауданы әкімінің орынбасары Мирас Нысанәлиев.
Попыкин Степан Яковлевич Польша мен Финляндияны азат етуге ат салысып, соғысты Берлинде аяқтаған. Ал, Полькин Александр Яковлевич 1944 жылы әскер қатарына қосылып, қиыр шығысқа аттанып, Жапониядағы қақтығыстарға қатысты. Сұрапыл соғыстың орта шебінде болған ардагер мұндай алапат ешбір елде болмаса екен дейді.
«Барша қазақстандықтарды мерекемен күнімен құттықтаймын! Әрине, бізге жеңіс оңай келген жоқ. Шыдадық. Төтеп бердік. Гитлер оңдырмаймын деп ойлаған шығар. Алайда жұдырықтай жұмылған біздің әскер жеңіс туын желбіретті. Елімізге ашық аспан, бейбіт өмір тілеймін», – деді ҰОС ардагері Александр Полькин.