Сұрапыл соғыс жылдары бізге бір ғана жеңіс керек болды. Ал батыр бабаларымыз оны білектің күшімен, ерлікке татитын ісімен алып берді. Ашық аспан астында енді олардың ұрпақтары біз, бейбіт өмір сүріп жатырмыз. Жауынгерлердің ерлігі ешқашан ұмытылмайды. Осы күні қадірлі қарттар құрмет көрсетуде. Биыл ұлы отан соғысы ардагерлеріне 1 миллион теңге көлемінде бір реттік төлем берілді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Сұм әрі сұрапыл соғыстың аяқталғанына 75 жыл. Зардабы көп зұлмат жылдардың ауқымын білу үшін тарих кітаптарын ақтарудың қажеті жоқ. Көзіне жас үйірілген соғыс ардагерлерімен аз ғана сұхбатассаң жеткілікті. Кеудесін оққа тосқан Қамбар Сәрсен ардагер соғыста қалай аман қалғанын айтып берді.
«Оқ кеудемнің ортасына тиіп, 3-4 омыртқаны, қабырғаны жарып жіберді. Өкпеден өтті жауырдан өтті. Жай оқ емес, жарғыш оқ дейді», – деді Ұлы Отан соғысының ардагері Қамбар СӘРСЕН.
Осы күні Қамбар ата 96 жаста. Соғысқа 17-сінде аттанған. Ардагер ұрыс алаңында 3 рет жарақаттаныпты. Отан үшін кеудесін оққа тосқан жауынгер кейін елеусіз қалмады. Кеудесіндегі медальдар соның дәлелі. Алайда батырдың өзі жылтыраққа бола емес, елім үшін жанымды қидым дейді. Жері үшін айқасқа аттанып, жеңісті қолдан бермеген ардагерлер ұлықталып келеді. Биыл да игі дәстүр жалғасын тауып, мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ұлы отан соғысына қатысқан ардагерлерге 1 миллион теңге бір реттік төлем берілген еді. Ақсақал да қомақты қаржыға ие болғандардың бірі.
«Қазақстанның басшыларына, өзіміздің Алматының басшылары сыйлап, марапаттап жатыр ғой қолдарынан келгенше. Оған көп-көп рахмет. Мен сияқты ардагерлерді жыл сайын ұмытпай еске алып жатқандарына рахмет», – деді Ұлы Отан соғысының ардагері Қамбар СӘРСЕН.
Қан майданда отан үшін айқасқан азаматтар қашанда ескерусіз қалмайды. Жыл санап қатары сиреп бара жатқан ардагерлерге құрмет көрсетіле бермек.
«Бүгінгі күнде Алматы қаласы бойынша осы 1 млн теңгеге 202 адам ие болып отыр. Бұдан бөлек 14 мыңнан астам адамның әрқайсысына 50 мың теңгеден төленді», – деді қалалық Әлеуметтік әл-ауқат басқармасының басшысы Рахат ШИМАШЕВА.
Бұл қаражат республика бойынша 124 мыңнан астам адамға беріледі. Төлемдер барлық өңірлерде жүргізіледі. Ұлы Отан соғысына қатысушылар мен тыл ардагерлеріне бір реттік материалдық көмек көрсету мақсатында бюджеттен 7 млрд. 600 миллион теңге қарастырылған.
Өмір Әнуарбек, Ғани Қалуов, «Алматы» арнасы