Ұлы Жеңіске 75 жыл: 95 жастағы Жаңбыр Керімқұлов өткен күннің естеліктерімен бөлісті

Youtube.com
Youtube.com
Елдің бейбіт өмірі үшін күрескен ардергерлерді ел ешқашан ұмытпақ емес
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Биыл Ұлы Жеңіске – 75 жыл. Елдің бейбіт өмірі үшін күрескен ардергерлерді ел ешқашан ұмытпақ емес. Ұлы Отан соғысы кезінде майдан даласында ерлік көрсеткен 95 жастағы Жаңбыр Керімқұлов өткен күннің естеліктерімен бөлісті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Ұлы Отан соғысының ардагері Жаңбыр Керімқұлов майданда көрсеткен ерлік ісін баяндап берді. 1942 жылы Арыс қаласыннан армия қатарына алынады. Сол жерден жарты жыл оқу-жаттығу жиынынан өтіп, майданға аттанады. Ең алғашқы немістермен ұрысқа түскен мекені Ресейдің Горкий қаласы. Сол жерде катюшаны оқ дәрімен қамтамассыз етуші солдат болып бекітіледі. Ұрыс даласындағы кезеңді Жаңбыр ата күрсініп барып айтады. Ұмытуға әрі ұмыт қалдыруға болмайтын кездер еді дейді ардагер.    

«Украинаны толық басып өттім, Молдовияны басып өттім, Руминяның шетін басып, Болгарияға бардым. Денем үлкен еді, мықты едім, орысшаны жақсы білетін едім, Арыста болғанмын ғой, Арыс деген жерде», – деді Ұлы отан соғысының ардагері Жаңбыр КЕРІМҚҰЛОВ.

1945 жылы жеңіске жеткен кезде Жаңбыр ата Австрияда майданда жүрген кезім еді дейді. Соғыс аяқталғанмен елге жіберілмепті. 2 жыл бойы сол елдің қауіпсіздігін қамтамассыз ету үшін қызметте қалады. Туған жерге тек 1947 жылы оралады. Әкесі де соғыс уақытында Ленинградқа кеткен. Артынан қара қағаз келген кезде, мен әскерде едім деп еске алды ардагер.  

Жаңбыр Керімқұлов қазір 95 жаста. Бүгінде 2 ұлы, 4 немере, 6 шөбересі бар. Балалары аман, жолдасы қасында, ел тыныш, бейбіт күнде өмір сүріп жатырмын дейді. Ал, ардагер үшін одан асқан бақыт жоқ.

«Соғыстың біткеніне міне биыл – 75 жыл. Оған жеткен де бар, жетпеген де бар. Қазақстан көркейе берсін, жастар өсе берсін. Қазақ елінің аты шықсын. Сол үшін жастар жақсы оқып, жақсы жұмыс жасап, Қазақстанның өркендеуіне үлес қоссын», – дейді Ұлы отан соғысының ардагері Жаңбыр КЕРІМҚҰЛОВ.

Жас өрендер үшін мұндай қайталанбас батыр тұлғалармен сұхбат құрып, майдан даласындағы қиын шақтарда бетпе-бет келген ардегердің өзінен әңгіме тыңдау үлкен ғанибет.  Түсірілім тобымызбен барған біз де ардагерді мерекемен құттықтап, батасын алып келдік.

Ұлағат Арғын, Мұрат Тайжанов, «Алматы» арнасы  

Новости партнеров