|
05.05.2020 | 23:41
2602

Соғыс ардагері Түсіпхан Оңаловтың қызы: Әкеміздің атында көше де жоқ, ештеңе де жоқ

Түсіпхан ардагер Шығыс Қазақстан облысының тумасы

 Соғыс ардагері Түсіпхан Оңаловтың қызы: Әкеміздің атында көше де жоқ, ештеңе де жоқ  almaty.tv

Тәуелсіздік тұғырының берік, еңсеміздің биік, бейбіт жағдайда өмір сүруіміз Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің ерен ерлігі. Олардың еңбегін еш нәрсемен  өлшеуге келмейді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Сондай жанның бірі – Түсіпхан Оңалов. Ол алапат соғыстың алғашқы күндерінен-ақ алдыңғы шепте болып, қанды қырғын шайқастарға қатысты. Түсіпхан ардагер Шығыс Қазақстан облысының тумасы. Өңірден бір уақытта 10 мыңнан астам сарбаз соғысқа аттанады. Ардагердің ерлік жолындағы тамаша естеліктерін әріптесім Ұлағат Арғын тыңдап келген еді.  

Түсіпхан Оңалов 1919 жылы 19 қарашада Шығыс Қазақстан облысы, Зайсан ауданы Саржыра ауылында туған. 15 жасында елдегі сауатсыздықты жою мақсатында үлкен-кішіні оқытады. 1941 жылы соғыс басталған уақытта бірден әскерге шақыртылыпты. Алдымен атқыштар даярлайтын курста оқиды, кейіннен танк жүргізуді үйренеді.

«Ол кісінің айтуы бойынша, Украинаны азат етуге қатысқан екен. Румыния, Чехословакия, Венгрияны азат етуге қатысқан екен. Сосын соғыстың аяқ кезінде Германияның бір қаласына дейін танксімен кіріп, сонда болғанын айтып отыратын», – деді Т. Оңаловтың қызы Гүлжанат ТҮСІПХАНҚЫЗЫ.

Қанды шайқастың бірінде Түсіпхан отырған танкіге снаряд тиіп өртенеді. Сол майданда батыр қатты жараланады. Кейіннен жақын маңдағы ауылға келген екен.  Ауыл тұрғыны үйіне кіргізіп, тамақ, су беріп, қол-аяғындағы күйген жерлерін орап емдеген көрінеді. Бірнеше күн сол үйде жарасын жазып, әл жинап, өз бөлімшесіне қайта оралады. Бұл кезде штаб командирлері «Түсіпхан Оңалов майданда ерлікпен қаза тапты» деген қаралы қағаз жіберген. Алайда Түсіпхан аман еді. 1945 жылы соғыс аяқталғаннан кейін «өлді» деген ардагер ауылға оралған кезде, бүкіл елдің қуанышында шек болмапты. Бұл оқиғаны Мағазбек Тоқтаубай «Есімбек» атты тарихи кітабында да жазған.

«Танкден түтін шығып жарылмайынша, кетпеу керек екен. Танкден шыға салып қашып бара жатқанда, офицер «шегін» деп айқалаған көрінеді. Қайтадан танкге барған кезде ұшқан ғой. Содан госпитальге түседі. Міне, биыл 100 жылдықты өткізіп келдік өз елінде. Барсаң неше түрлі көшелер тұр әркімнің атында. Біреуі еңбек еткен дейді. Біздің әкеміздің атында көше де жоқ, ештеңе де жоқ», – деді Т. Оңаловтың қызы Қарлығаш ТҮСІПХАНҚЫЗЫ.

Елге оралғаннан кейін ол ауылдық кеңестің төрағасы, ферма басқарушысы, құрылыс бригадаларында жетекшелік сынды бірнеше басшылық қызметтер атқарады. Ауыл-шаруашылығы саласының дамуына өлшеусіз үлес қосқан ол 78 жасына қараған шағында дүниеден өтті. Отаны үшін кеудесін оққа тосқан, ерлік істері ел есінде мәңгіге сақталмақ.

Ұлағат АРҒЫН, Мұрат ТАЙЖАНОВ, «Алматы» арнасы


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир