Қазіргі таңда Қазақстанда инфрақұрылымды жаңғырту және өңірлерді дамыту бойынша ауқымды жұмыстар жүріп жатыр. Бұл тұрғын үй құрылысы, ТКШ желілерін жаңарту, республиканың көлік-логистикалық әлеуетін нығайту және жаңа өндірістік кәсіпорындарды іске қосуға қатысты.
Бұл бағыттардың барлығы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» сайлауалды бағдарламасында белгіленген, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі primeminister.kz-ке сілтеме жасап.
«Мемлекет жаңа тұрғын үйлер салады, барлық өңірдегі жергілікті инфрақұрылым мен инженерлік коммуникацияларды жаңартады. Біз сапалы жұмыс орнын қамтамасыз етеміз, әр азаматтың өзін дамытуына тең мүмкіндік жасаймыз. Мұның бәрі өңірлерді тұрғындар мен инвестициялар үшін тартымды етеді», — делінген бағдарламада.
Сонымен қатар 2029 жылға қарай 1 млн астам отбасын жаңа баспанамен қамтамасыз ету бойынша белсенді жұмыс жалғасуда. Мәселен 2023 жылғы 10 айда 13 млн шаршы метрден астам тұрғын үй салынды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 14% жоғары.
Мемлекеттік қолдаудың әртүрлі механизмдері арқылы несиелік және жалға берілетін тұрғын үй құрылысы, «Отбасы банктің» жеңілдетілген ипотекалық бағдарламалары, «Қазақстан тұрғын үй компаниясы» тарапынан коммерциялық банктердің ипотекаларын субсидиялау және т.б. сияқты мемлекеттік қолдаудың түрлі тетіктері есебінен жыл сайын тұрғын үйді пайдалануға беру көлемі 200 мың шаршы метрге ұлғаяды деп күтілуде.
2023 жылы өңірлерде инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым нысандарын салуға 5,4 млрд теңге бөлінді.
«Қолжетімді Интернет» ұлттық жобасы бекітілді. Оның негізгі мақсаты – халықты жылдамдығы кемінде 100 Мбит/с болатын кең жолақты дүниежүзілік желіге қосу.
Жоба аясында көлемді қаражат сымды және сымсыз байланыс инфрақұрылымын дамытуға бағытталатын болады. Ауылда талшықты-оптикалық байланыс желілерінің тармақталған желісін салуға басты назар аударылады.
Мәселен мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігі арқылы 3 мыңнан астам ауылда тиісті байланыс желілерін монтаждау жоспарланып отыр.
Жалпы республика бойынша шағын және орта байланыс операторларын қолдау арқылы 400 мың үй шаруашылығына жылдамдығы жоғары интернет жүргізілетін болады.
Ұлттық жоба аясында республикалық және негізгі облыстық автожолдарды мобильді интернетпен қамту үшін цифрлық инфрақұрылым жүргізу жоспарланған. Атап айтқанда, 487 антенна-діңгекті құрылысты орнату жоспарланып отыр. Бұл 17 мың шақырым автожолды мобильді интернетпен қамтуға мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда республиканың 8 мың шақырым күре жолы (30%) мобильді интернет қызметтерімен қамтылған.
Оқи отырыңыз: Ауылды және ауыл шаруашылығын дамыту: ҚР Президентінің сайлауалды бағдарламасы қалай жүзеге асырылады