ҚР Президентінің Cайлауалды бағдарламасы іс жүзінде: өңірлер мен инфрақұрылымды дамыту

коллаж Primeminister.kz.
коллаж Primeminister.kz.
Жаһандық тауар жеткізу жүйесін арттырып, транзиттік мүмкіндігімізді күшейтеміз, деді Қасым-Жомарт Тоқаев
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазіргі таңда Қазақстанда инфрақұрылымды жаңғырту және өңірлерді дамыту бойынша ауқымды жұмыстар жүріп жатыр. Бұл тұрғын үй құрылысы, ТКШ желілерін жаңарту, республиканың көлік-логистикалық әлеуетін нығайту және жаңа өндірістік кәсіпорындарды іске қосуға қатысты.

Бұл бағыттардың барлығы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» сайлауалды бағдарламасында белгіленген, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі primeminister.kz-ке сілтеме жасап.

Сонымен қатар бұл құжатта Қазақстан экономикасы көлік дәліздерін кеңейтуді қажет ететіні туралы жазылған.

«Бұрыннан бар жаһандық тауар жеткізу жүйесінің бұзылуы біздің болашақ транзиттік мүмкіндігімізді күшейтті. Біз жаңа сапалы жолдар, қоймалар салып, айлақтардың әлеуетін арттыруымыз керек, саланы локомотивтермен, жүк көлігімен, контейнерлермен қамтамасыз етуіміз қажет. Мемлекет транзиттік дәліздердің жүк айналымы мен өткізу қабілетін арттырады. Сол арқылы ел экономикасына мол инвестиция тартуға тың серпін береміз», — деп атап көрсетілген құжатта.

ҚР көлік-логистикалық әлеуетін дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы бекітілді. Оның аясында Еуропадан Орталық Азияға, Қытайға және Оңтүстік-Шығыс Азияға негізгі трансконтиненталдық дәліздер мен бағыттарды жаңғырту және кеңейту жөніндегі шаралар көзделген.

Атап айтқанда, Қазақстанның транзиттік әлеуетін едәуір арттыратын бірқатар ірі теміржол жобасын іске асыру басталды. Олардың ішінде Қытаймен үшінші халықаралық торапқа шығатын Достық – Мойынты, Бақты – Аягөз желілері, Дарбаза – Мақтаарал және Алматы айналма жол желісі бар. Барлығы үш жыл ішінде 1,3 шақырымнан астам теміржол салынады. Салыстыратын болсақ, соңғы 30 жылда 2,5 шақырым теміржол салынды.

Оған қоса 2030 жылға дейін 11 мың шақырым т/ж жөндеу жұмыстарымен қамту жоспарланып отыр, өз кезегінде бұл өткізу қабілетін арттыруға және пойыздар қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге елеулі үлес қосады.

Соңғы кездері жүк тасымалының көлемі 2 есе артқан Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамытуға бірқатар еуропалық көлік-логистикалық компанияны тарту бойынша жұмыстар жүріп жатыр. Германия, Австрия, Мажарстан және Балтық елдерінің жүк операторларының тиісті қауымдастығына кіру жоспарланып отыр.

Қазақстан, Әзербайжан және Грузия арасындағы ТХКБ бойынша қызмет көрсету сапасын арттыру үшін тең негізде бірлескен кәсіпорын құру туралы шартқа қол қойылды.

Қазақстан аумағы арқылы жүк тасымалдау үшін ҚР Үкіметі ҚХР Үкіметімен келісімдерге қол қойды, бұл ТХКБ дамыту үшін қолайлы жағдай жасап, қосымша транзит және сыртқы сауда жүктерін тартуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ тараптар Қазақстан аумағында, оның ішінде Ақтау портындағы контейнерлік хаб құрылысына инвестиция тарту арқылы кешенді логистикалық желі құру туралы уағдаластыққа қол жеткізді.

Қазақстандық теңіз порттарының өткізу қабілетін кеңейту бойынша жұмыс жүріп жатыр, ол бүгінде жылына шамамен 21,2 млн тонна жүкті құрайды. Оған қоса «Саржа» көпфункционалды теңіз терминалының құрылысы қолға алынды.

2030 жылға қарай Қазақстан порттарының қуатын 30 млн тоннаға дейін жеткізу жоспарланып отыр.

Қорларды ұлғайту және өңірлерді газдандыру жұмысын одан әрі жалғастыру үшін жаңа газ өңдеу қуаттарының құрылысы жалғасуда.

«QazaqGaz» ҰК» АҚ Қашаған кен орнында қуаты жылына 1 млрд м3 болатын ГӨЗ құрылысын жүргізіп жатыр. Сондай-ақ Қашаған мен Қарашығанақта жылына 6,5 млрд м3 газ өңдейтін жаңа ГӨЗ құрылысы жобалануда. Бұл ауқымды жобалар ел экономикасының дамуына серпін беріп, жаңа жұмыс орындарының ашылуын қамтамасыз етеді.

Биылғы 23 қазанда «Бейнеу-Жаңаөзен» құбырының екінші желісі бойынша газ жіберілді, бұл Маңғыстау облысын тұрақты газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұған дейін, 3 тамызда, Атырау облысының қажеттіліктерін жабуға мүмкіндік беретін «Мақат – Солтүстік Кавказ» газ құбырына қосымша құбыр жүргізілді. Газдандыру жұмыстары жалғасуда.

Мұнай тасымалдау дәліздерін әртараптандыру жөніндегі жол картасын іске асыру аясында осы жылдан бастап Баку – Тбилиси – Джейхан бағытында жаңа бағдар іске қосылды. «Қазақстан – Қытай» мұнай құбырын кеңейту бойынша жұмыстар жүріп жатыр.

Оқи отырыңыз: ҚР Президентінің Cайлауалды бағдарламасы іс жүзінде: өңірлер мен инфрақұрылымды дамыту

Новости партнеров