Тоқаев: Қазақстандағы инженерлік инфрақұрылымды толық жаңғырту – күрделі міндет

Nopparuj Lamaikul / Unsplash
Nopparuj Lamaikul / Unsplash

Өңірлердегі жылу орталықтары мен басқа да құрал-жабдықтардың 80 пайызы әбден тозған

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Өңірлердегі жылу орталықтары мен басқа да құрал-жабдықтардың 80 пайызы әбден тозған. Мемлекет басшысы «Egemen Qazaqstan» газетіне берген көлемді сұхбатында осылай деді. Сонымен қатар, елдегі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығындағы ахуал мүшкіл екенін айтты. Мемлекет басшысының айтуынша, бұл – көп жылғы салғырттықтың салдары. Президент «еліміздің отын-энергетика кешені мен коммуналдық шаруашылығының үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету – тікелей Үкіметтің міндеті» деп қадап айтты.

– Бүкіл Қазақстандағы инженерлік инфрақұрылымды толық жаңғырту – өте ауқымды әрі күрделі міндет. Бұл мәселе біртіндеп шешіліп жатыр. Көктем-жаз айларында Үкімет пен әкімдіктер жылу маусымына дайын болу үшін біраз жұмыс жасады. Жағдайы сын көтермейтін бірқатар нысанды жөндеді, – деді ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев

Сондай-ақ Президент өз сұхбатында ел азаматтарының қарызға белшеден батқанына қатты алаңдаушылық білдірді. Бұл жағдайға жұрттың қаржылық сауаттылығының төмендігі себеп болып отырғанын айтты. Сол себепті қарызды беру тәртібі мен коллектор ұйымдарының қызметін қатаң реттеу керек деп тапсырма берді. Одан бөлек, Мемлекет басшысы елдегі электр энергиясы нысандары мен жылу орталықтарында болатын кішігірім оқиғаларды дардай қылып көрсететін белсенділердің ісіне де қатысты ой білдірді.

«Жылумен қамтамасыз ету ісіндегі болмашы олқылықты «қасіретке» айналдыруға ұмтылатын әлеуметтік желідегі адамдар отқа май құйып, елді дүрбелеңге салып жүр» деді. Түймедейді түйедей ететін жандардың ісін сынға алды.

– Ең алдымен, күрделі апаттардың алдын алып, үйлерге жылудың үздіксіз берілуін қамтамасыз ету керек. Бірақ жаңа қуат көздерін ашу, желілерді біртіндеп жаңарту және коммуналдық саланы түгел жаңғырту басты міндет екенін ұмытпаған жөн. Қазір жылу желілері әрең жұмыс істеп тұр. Үкімет пен әкімдіктер батыл қимылдап, қажетті шараларды дереу қолға алуы керек. Онсыз болмайды, – деді Мемлекет басшысы.

Оқи отырыңыз: Тоқаев: ҰҚШҰ бітімгерлік күштері лаңкес­тікке қарсы операцияларға қатыс­қан жоқ

Новости партнеров