Мәжіліс жанынан Қоғамдық палата құрылады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Оған парламенттік және парламенттік емес партия өкілдері, еліміздегі парламентаризм мәселесімен терең айналысып жүрген азаматтар, қоғам белсенділері, саясаттанушылар мүше бола алады. Депутат Ерлан Саировтың сөзінше, палата аясында қоғам өкілдері заң жобаларын қарап, қоғамдық сараптама жасау арқылы өзекті мәселелерге тәуелсіз, обьективті пайымдарын айтады. Төменгі палата төрағасы Ерлан Қошанов аталған Қоғамдық палатаның жұмысын тікелей өзі қадағалайтынын атап өтті.
«Менің ойымша, бүгін біз талқылап жатқан мәселе – өте маңызды мәселе. Бұл кейбір депутаттар айтқандай «қойшыны көбейту» емес. Бізге тағы да бір қосымша алаң ашылды. Президент қызу пікірталастар көшеде емес, митингтерде емес, осы Мәжіліс қабырғасында болуы керектігін айтқанын білесіздер. Сол үшін осы Палата құрылып отыр. Қоғамдық палатаның құрамы келесі аптада айтылады», – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов.