|
10.02.2022 | 14:50
1043

«Жаңа Қазақстан» депутаттық тобының мақсаты мен құқықтары түсіндірілді

Депутаттар «Біздің жұмысымыз үй ішінен үй тігу емес, Мәжілістің жұмысын жаңа жолға, жаңа арнаға бұру» дейді

«Жаңа Қазақстан» депутаттық тобының мақсаты мен құқықтары түсіндірілді Almaty.tv

Біздің түпкілікті мақсатымыз – Мәжілістің жұмысын жаңа жолға, жаңа арнаға бұру. Парламент Мәжілісінің депутаты Айдос Сарым «Жаңа Қазақстан» депутаттық тобының басты мақсаты мен құқықтарын атады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Депутат «Біздің жұмысымыз үй ішінен үй тігу емес, ең алдымен, Мәжілістің, Парламенттің жұмысын барынша жандандыруымыз, әлеуетін дұрыс пайдалануымыз, ішкі реформаларды жүзеге асыруға көмектесуіміз керек» деді.  

«Біздің басты мақсатымыз – қаңтар трагедиясынан кейінгі еліміздегі шынайы реформаларды қолдау. Біріншіден, Президент бастаған елді жаңғыртатын бастамаларды қолдап, саботажға, ол бастамаларды тоқтатуға, соңына ысырып қоюға жол бермеу. Екіншіден, кез келген үлкен саяси реформалар заң шығарушы және өкілетті органнан басталуы керек. Оның ішінде Мәжілістің ашықтығы, белсенді әңгіме көтеріп, оны қозғауы да бар. Бұл – үлкен мәселенің бірі», - деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Айдос Сарым.

Ал депутат Наталья Дементьева «Жаңа Қазақстан» депутаттық тобы үш секторға бөлінген деді. Бірінші сектор агроөнеркәсіп кешені, өнеркәсіп, экономика және экология бойынша кіші топ деп аталады. Оған Еділ Жаңбыршин жетекшілік етеді. Екінші сектор адам құқықтары, қауіпсіздік және құқықтық реформалар бойынша. Оның жетекшісі – Айдос Сарым. Үшінші сектор – әлеуметтік мәдени даму және жастар саясаты бойынша кіші топ. Жетекшісі – Наталья Дементьеваның өзі.  

«Жаңа Қазақстан» депутаттық тобын Парламент регламентіне сәйкес құрдық. Арнаулы процедура жүргізілді. Заңға сәйкес барлық құжатымызды тіркеуге жібердік. Яғни, депутаттық топтың ережесі жасалды. Сол ережеге сәйкес, депутаттардың құқықтары, мүмкіндіктері әзірленді. Топты құрмас бұрын барлық әріптесімізбен ақылдаса келе Парламент жұмысына трансформация қажет деген бір шешімге келдік», - деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Наталья Дементьева.

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир