Су ішуге қорқамыз: Жезқазған тұрғындары ауыз суға зәру

 Almaty.tv
Almaty.tv
Жезқазған қаласында 2019 жылдан бері су желілерін қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр
Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Суды ішуге қорқамыз, сондықтан дүкеннен сатып аламыз». Тіршілік нәрінен тарыққан Жезқазған тұрғындары осылай деп шағым айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Жезқазған қаласының тұрғындары бірнеше күннен бері ауыз суға жарымай отыр. Тіршілік нәрінен таршылық көрген көпшілікке судың тоқтап қалатынын ешкім ескертпеген.

– Су мәселесін айта-айта шаршадық. Жаз бойы тіршілік нәрінсіз отырдық. Не суық су, не ыстық су болмаған күндерді де көрдік. Ыстық су берілген күндері оның сапасы нашар, жағымсыз иіс шығатын. Еш ескертусіз суық суды тоқтатып тастады. Ал судың сапасы көңіл көншітпейді. Ішуге қорқамыз, дүкеннен сатып алып ішеміз немесе сырттан фильтрден ағызып әкелеміз, – деді Жезқазған қаласының тұрғыны Екатерина Дину.

Бірнеше күн сусыз отырған кей аудан тұрғындары еш әрекетсіз отырған билік басындағылардың назарын аударту үшін автомобиль жолын да жапқан. Ал бәрі бақылауда деген облыс әкімінің орынбасары жағдайдың тұрақталғанын алға тартты. Апатты аймақты анықтап, мердігер су құбырын жөндеуге, қажет материалдық-техникалық жабдықтауға кірісіпті.

– Жезқазған қаласында тұрақты сумен қамтамасыз етіліп отыр.  Алдыңғы күні, кеше 150 тұрғыны бар Батыс аймағындағы 40  үйде судың қысымы түсіп кетті, мәселені шешу үшін апаттық аймақты анықтадық. Су жүйесін тиісінше басқа аймақ арқылы қостық. Бүгінгі таңда судың қысымы қалыпты. Су тасымалдау бойынша сұраныс болды, шешілді. Жағдай тұрақталып келеді. Біз оны бақылауда ұстап отырмыз, – деді Ұлытау облысы әкімінің орынбасары Ұлантай Үсенов.

Ұлытау облысы әкімі орынбасарының айтуынша, Жезқазған қаласында 2019 жылдан бері су желілерін қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ішкі желілер, яғни магистральдық және кварталдық желілер ауыстырылуда. Бұл жұмыстар биыл да жалғасын таппақ.  

Алтынгүл Төлегенова, Наргиз Жанабекова, «Алматы» телеарнасы, Ұлытау облысынан

Оқи отырыңыз: Ақмола облысының тұрғындары жарыққа жарымай отыр

Новости партнеров