|
07.02.2024 | 15:26
443

Тоқаев: Үкімет пен әкімдер жұмыс істеу тәсілін түбегейлі өзгертуі тиіс

Мемлекет басшысы Үкіметке 10 бағыт бойынша тапсырма берді

Тоқаев: Үкімет пен әкімдер жұмыс істеу тәсілін түбегейлі өзгертуі тиіс Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев жаңадан жасақталған Үкіметке 10 бағыт бойынша тапсырма берді. Бектенов бастаған құрамның басын қосып, кеңейтілген отырыс өткізген Президент 2029 жылға дейін экономика көлемін 450 миллиард долларға жеткізу керек екенін айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.

Яғни еліміздің жалпы ішкі өнімі жыл сайын кемінде 6 пайызға өсіп отыру керек. Сонымен қатар Мемлекет басшысы бюджет және салық саясаты, инвестиция тарту, мемлекеттік сатып алу сынды салаларда жасалуы керек жұмыстарды жіпке тізді. Министрлер кабинетіне заман талабына сай, еңбек етуді тапсырды.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев:

«Мемлекеттік органдар арасында өзара келісу мен талқылау жұмысы аяқталғанша, кез келген бастаманың негізгі мән-маңызы да өзгеріп кетеді. Бюрократияны тоқтату қажет, бізге нақты нәтиже керек. Үкімет пен әкімдер жұмыс істеу тәсілін түбегейлі өзгертуі тиіс. Жұмыс барысында жүйелі ұстаным болуы қажет. Мәселені жедел шешумен қатар, экономиканың ұзақмерзімді дамуын қамтамасыз ету өте маңызды».

Үкіметтің кеңейтілген отырысынан кейін вице-премьерлер мен экономика министрі журналистерге сұхбат берді. Брифинг барысында қазақстандықтардың зейнетақы қорындағы 1,5 триллион теңге экономиканы дамытуға, экономиканың инфрақұрылымын ілгерлетуге, өңдеуші өнеркәсіптерді дамытуға бағытталатыны белгілі болды. Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың жинақ жүйесіндегі ақшаны осындай салаларға бағыттау керек екенін айтып, қаражат оңды-солды шашылмауын тапсырған. Кеше ғана ұлттық экономика министрлігінің тізгінін ұстаған Нұрлан Байбазаров қордағы ақшаны тиісті деңгейде жұмсалуын қадағалаймыз деп уәде берді.

– Ұлттық банк қордың басқарушысы ретінде сол қордың инвестициялық бағыттарын айқындайды. Яғни, қандай құралдарды инвестициялау керегіне, одан түсетін табысқа, табыс тұрақтылығы немесе салымдардың сақталуына басымдық беріледі. Біз Үкімет деңгейінде осы белгіленген инвестицияларды қай салаға жіберу керек екеніне жауаптымыз, – деді ҚР Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров.

Оқи отырыңыз: Еліміздің көлік-логистикалық әлеуетін арттыру үшін белсенді жұмыс істеу қажет

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир