Жаңа жыл басталғалы бері Алматыда қанша сәби дүниеге келді

Almaty.tv
Almaty.tv
Қаладағы қиын жағдайға қарамастан, дәрігерлер өз қызметін адал атқарды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Жаңа жылдың алғашқы 13 күнінің ішінде Алматыда 900-ден аса нәресте дүниеге келді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.      

Қаладағы қиын жағдайға қарамастанғ дәрігерлер өз қызметін адал атқарды. Бірінің өмірге келуіне көместессе, енді бірінің жанын аман алып қалып, араша болуды тоқтатқан жоқ. Перзентхананың барлығы штаттық режимінен ауытқымай, толық жұмыс істеді.    

4 қаңтар түнде Динара Мешітбаева шұғыл түрде перзентханаға түсіп, сәбиін аман-есен қолына алыпты. Ел басынан мазасыз күндерді кешіріп жатқанда өмірге келген ұлының денсаулығы ойдағыдай. Баласының төтенше жағдай кезінде туғанын анасы Динара жақсылыққа балайды.

«Дәл осы күні дүниеге келгені бір Құдайдың белгісі болар. Ертең отбасын, елін қорғайтын батыр болсын деп, дәл осы күні босануға жазған шығар, бәлкім. Өмір мен өлімнің арасында қалғанда балаларымыз тек аман болса деген жалғыз тілек болды», – дейді қала тұрғыны Динара Мешітбаева.

Бүгін кеудесін қуаныш кернеген ана перзентханадан үйіне шығарылады. Аяқ-қолын аман-есен бауырына алғаны үшін ақ халатты абзал жандарға алғысы шексіз. Бұл күндері мұндағы дәрігерлер кедергілерге қарамастан еңбек етіп, толық жұмыс істеп жатыр.

«Барлық дәрігер мен медицина қызметкерлері жұмыста болып, Жаңа жыл басталғалы бері орталықта 173 әйелді босандырып алды. Сондай-ақ жоспарлы жедел оталар да жасалды. Қала дүрлігіп жатса да жұмыс істеу біз үшін аса қорқынышты болмады. Өйткені баланы дүниеге әкелу процесі кез келген уақытта болатын дүние. Бәріне дайын болу керек», – деді қалалық перинаталдық орталығы директорының орынбасары Салтанат Ерболатова.

Жалпы шаһарда барыс жылы басталғалы 929 шақалақ өмір есігін ашқан. Оның 453-і – ұл, 475-сі – қыз бала.

Назкен Еркін, Айдана Нұраш, Мұрат Тайжанов, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров