Тәуелсіздік күні қарсаңында Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында қоғам және білім беру саласы мамандарының қатысуымен брифинг өтіп, Егемен Қазақстанның қалыптасуының негізгі кезеңдері туралы сөз қозғалды, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Осыдан 32 жыл бұрын орын алған тарихи оқиғалар Қазақстанның саяси және экономикалық тәуелсіздік алуына әкелді. Бұл туралы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Қазақстан тарихы кафедрасының аға оқытушысы Сабырхан Смағұлов еске алды.
– 1991 жыл – Республикамыздың тарихы мен тағдырындағы маңызды да айтулы кезеңі. Сол жылы 16 желтоқсанда Тәуелсіздік туралы Конституциялық заң қабылданды. Содан бері 32 жыл өтті. Бұл адамзат тарихы үшін аз мерзім болғанымен, қазақстандықтар үшін егеменді ел мен ұлттық болмыстың қалыптасу жылдары және тәуелсіздік үшін күрес болған кезеңдерді еске түсіру жылдары. Мемлекет басшысы «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында атап өткендей, бүгінгі ұрпақ ұлт пен елді сақтау жолындағы жаңа сынақтарға дайын болуы керек. Тәуелсіздікті көзіміздің қарашығындай сақтауымыз керек. Ұйымдасып, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, еліміздің күшеюіне қызмет етуіміз керек, – деді Сабырхан Смағұлов.
Әл-Фараби атындағы университетте, оның ішінде тарих факультетінде мемлекеттің қалыптасу кезеңдерін зерделеуде көптеген жұмыстар атқарылуда. Ғалымдар мен оқытушылар осы кезеңге арналған көптеген мақалалар мен материалдар жариялауда. Профессор С. Смағұлов атап өткендей, сонау 2016 жылы университет баспасынан екі тілде 4 кітаптан тұратын көлемді оқу құралы жарық көрді. Қазіргі уақытта бұл оқулықты ағылшын тілінде шығару жұмыстары жүргізілуде.
Брифингке сонымен қатар халықаралық қатынастар бойынша сарапшы, профессор, PhD докторы, Алматы қаласы қоғамдық кеңесінің мүшесі Қайыржан Әбдіхалықов қатысты. Ол Қазақстан – өз экономикасын табысты дамытып, өркендеу мен тұрақтылыққа қарай реформалар мен қайта құрулар жолымен алға басып келе жатқан жас, еркін және тәуелсіз мемлекет екенін атап өтті. Ал тәуелсіздікке алып келген ұзақ сапар біздің қаламыз Алматыдан басталды.
– Алматы – тәуелсіздігіміздің бесігі, дәл осы жерде ескі Үкімет үйінде 1991 жылы 16 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесі Тәуелсіздік декларациясын қабылдады. Сол кезден бастап тәуелсіздігіміздің есебі басталды, оны алғашқы сағаттарда-ақ көптеген ел мойындады. Ал бір жылдың ішінде 100-ге жуық ел дипломатиялық қарым-қатынас орнату арқылы тәуелсіз мемлекетті қабылдады, - деді Қ. Әбдіхалықов.
Сарапшы жоңғар шапқыншылығынан бастап халқымыздың тәуелсіздікке деген ұмтылысы қай заманда да сөнбегенін атап өтті.
Қайыржан Әбдіхалықов Тәуелсіздіктің құқықтық аспектілеріне де тоқталып, 1989 жылы қазақ тілінің алдымен мемлекеттік тіл мәртебесіне ие болғанын, одан кейін 1995 жылы 25 қазанда егемендік алған кезең, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентінің сайлауы және басқа да маңызды оқиғаларды еске салды.
Профессор еліміздің басты ұлттық мерекесін барлық деңгейде атап өтуді, сонымен қатар оқулық оқудан бастауды ұсынды.
Брифинг соңында спикерлер алматылықтарды құттықтап, елімізге береке мен бірлік тілеп, баршаны тәуелсіз Қазақстанның нығайып, жарқын болашағын құру жолында бірлікке шақырды.
Оқи отырыңыз: Алматыда Дәурен Сембаевтың құрметіне мемориалдық тақта ашылды