Кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сұхбат беріп, қоғамда талқыланған барлық мәселелер бойынша ашық айтты. Бұл туралы ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Берік Әбдіғалиұлы Facebook-тегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Оның айтуынша, Президент сұхбат барысында қайғылы қаңтар оқиғасының себеп-салдары, алдағы саяси-әлеуметтік реформалар туралы сұрақтарға жауап берді.
«Бүгін 1 наурызда кезектен тыс XXII съезді шақыру туралы шешім қабылдады. Менің ойымша, съезде алдағы саяси реформалардың нақты тетіктерін және тығырықтан шығатын жолымызды айқындап алады деп ойлаймын. Онымен қоса, елдегі түрлі сын-қатерлерге байланысты партияның атынан бастап идеологиясына дейін толық жаңғыртып, трансформациялау мәселелерін қарастырады деген сенімдемін», – деп жазды Берік Әбдіғалиұлы.
Айта кетсек, кеше Қасым-Жомарт Тоқаев «Qazaqstan» телеарнасына сұхбат беріп, көпшілікті алаңдатып жүрген сұрақтарға жауап берген еді.