Президенттің қазақ журналистикасына жоғары баға беруі үлкен серпіліс әкелді – Гүлмира Сұлтанбаева

Фото: kaznu.kz
Фото: kaznu.kz
Ғалым ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың сұхбатына орай пікір білдірді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Президентіміздің өз сұхбатында қазақ журналистикасына жоғары баға беруі БАҚ өкілдеріне үлкен серпіліс берді». Осылай деген тәуелсіз журналист, саяси ғылымының докторы, профессор, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ журналистика факультетінің оқытушысы Гүлмира Сұлтанбаева ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Qazaqstan» телеарнасына берген сұхбатына орай осылай деп пікір білдірді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

«Президентіміз өз сұхбатында «Қазақ журналистикасының деңгейі жоғары екені күмәнсіз» деп баға берді. Бұл біздің қазақтілді журналистерге үлкен серпіліс берді. Біздің қоғамда «қазақтілді журналистика онша дамымаған» деген стереотип бар. Бір өкініштісі, қазақтілді журналистиканың үнемі орыстілді журналистикамен салыстырылады. Салыстырып қана қоймай, қазақ журналистикасының қоғамдағы орны жағынан әділ бағасы берілмей жатады. Ал Президентіміздің Қазақстандағы журналистиканы жоғары бағалауы БАҚ өкілдеріне, ғалымдарымызға да позитивті көңіл күй сыйлады деуге болады. Журналистикамыздың бұдан ары да дамуы үшін күш-қуат берді десек, артық айтпаймыз. Мен өз еліміздің, оның ішінде қазақтілді журналистиканы ешбір елдің журналистикасынан кем санамаймын. Нарықта цифрлық технология форматында жаңа медианың қарқынды дамуы, соның ішінде қазақтілді контентті өте сапалы жасауға деген ұмтылыстар бар екенін көріп отырмыз. Онда да аударма тілінде емес, төл тілімізде жасауға ұмтылып, бәсекеге мықты БАҚ көбейіп жатыр», – деп атап өтті журналист.  

Гүлмира Сұлтанбаева сонымен қатар, еліміздегі блогсфера саласының да жақсы дамуына мемлекет тарапынан түрлі мүмкіндік жасалып отырғанына тоқталды.

«Блогсфера – елімізде барынша еркін дамып келе жатқан сала. Әр азаматтың өз блогплатформасын жүргізуге мүмкіндік берілген. Тек бір өкініштісі, екінің бірін блогер деп тани беретініміз. Дегенмен, кәсіби журналистикаға қатысы болмаса да, әр азамат өзін блогер ретінде таныта алады. Осы жерде ескере кететін жайт, қаңтар оқиғасы көрсеткендей, еліміз азаматтарымыздың саяси көзқарасы мен белсенділігінің, оның ішінде әлеуметтік көңіл күйді зерттейтін, соның нәтижесін беретін толыққанды зерттеулерді көре алмай отырмыз. Біз үшін басты мәселе – қаңтардан кейінгі әлеуметтік көңіл күй мен қаңтардан кейінгі әлеуметтік көңіл күйді зерттеу керек. Оның ішінде аудиторияның әлеуметтік желідегі ұстанымы мен БАҚ-қа деген сенімі басты фокуста болуы керек. Бұл Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі тікелей назарда ұстауы тиіс мәселе», – деді Г. Сұлтанбаева.  

Новости партнеров