Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында сөйлеген сөзінде сыртқы сауда мен ақпараттық технологиялар саласына қатысты мәселелерді сөз етті, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі Аkorda.kz-ке сілтеме жасап.
- Біз еліміздің аумағы арқылы өтетін көлік дәліздерін біртіндеп дамытып, сыртқы сауда айналымының ұлғайуына барынша жағдай жасауымыз керек. Сол үшін логистика орталықтары мен қоймалар салып, темір жол құрылысының қарқынын арттырамыз. Сондай-ақ теңіз тасымалының инфрақұрылымын жақсартып, өзгертуге ыңғайлы тариф саясатын жүргіземіз. Мұның бәрі еліміздің тұрған жерін барынша тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Экономиканың көптеген саласын дамытуға септігін тигізеді, - деді Президент.
Сондай-ақ ол болашағы зор тағы бір бағыт – IT-технологиялар саласына да тоқталды.
Қазақстанда осы жылдың соңына дейін суперкомпьютер жасап, жаңа дата-орталықты іске қосу жоспарланған. Біз Каспий теңізінің түбі арқылы талшықты-оптикалық байланыс желісін салуды көздеп отырмыз. Бұл жоба Еуропа мен Азия арасында тағы бір цифрлы дәліз орнатуға жол ашады.
- Мен жақында «Қазақстан темір жолы» компаниясының Инновация орталығында болдым. Орталық қызметінің арқасында еңбек өнімділігін арттыруға, шығындарды азайтуға мүмкіндік бететін озық технология осы салаға енгізіліп жатыр. Бұл жұмысқа еліміздің және шетелдің білікті IT-мамандары жұмылдырылды. Темір жолдың өткізу қабілетінің артуы, жанар-жағармайдың үнемделуі және компания табысының көбеюі – цифрландыру ісінің нақты әрі көзге көрінетін нәтижесі. Цифрлы экожүйені осылай қалыптастыру керек. Үкімет осы жұмыстың ауқымын кеңейтіп, оны экономиканың барлық саласына енгізуге тиіс, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Оқи отырыңыз: Президент: бюджет қаржысын оңды-солды жұмсауға болмайды