Ұлттық құрылтайда қандай меселелер көтерілді

15.03.2024 22:42

Құрылтай алдындағы сессия отырысына ҚХА мүшелері де қатысты

Almaty.tv

«Қойнауы қара алтынға бай өлкеде Құрылтай өткізу – тың бастамаларға бастау». Осылай деген жиын өкілдері бұл жолы экономикалық, мәдени бағыттан бөлек, қоғам мәселесі айқын айтылды деп санайды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Атырау алқабында қарбалас. Жан-жақтан келген меймандар Ұлттық құрылтайдың маңызына тоқталып, сан саланы дамыту бағытында 4 бірдей секция өткізді. Басымдық әсіресе, ғылым, мәдениет пен руханият, әлеуметтік салаға берілген. Жиынға келгендер «өзгерісі көп, дегенмен тарқай қойған түйіні аз білім жолында ескерер дүние жетерлік» дейді.

– Ғылымдағы қазақ тілі мәселесіне қатысты көптеген ұсыныс айтылды. Қазақ тілі және әдебиеті сияқты мамандықтар доктарантура қорғау үшін, ағылшын тіліндегі журналдарға мақала шығаруы тиіс, – деді мұғалім Қайсар Тұрсынқожа.

Ал алқалы жиынның алдында көтерілген тағы бір өзекті тақырып – жастардың есірткіге тәуелділігі. Құрылтайға қатысушылар «бүгінде қоғам дертіне айналған мәселеге түбегейлі тосқауыл қою қажет» дейді. Саясаттанушылар әлем елдеріндегі тәжірибеге сүйеніп, білім беру ұйымдарында сыныптарды үлкен, кіші топқа бөлу керек екенін алға тартты.

– Мен өзім жастар мәселесін қозғадым. Олардың арасындағы төбелес, қыздардың жанжалы – ойға сыймайтын мәселе. Зерттеп қарап, психологтармен ақылдаса келе мектеп психологтарын аттестациядан өткізу керек деп ойлаймын, – деді саясаттанушы Талғат Қалиев.

Құрылтай алдындағы сессия отырысына ҚХА мүшелері де қатысты. Тіл мен дін тақырыбын арқау еткен азаматтар елде қазақ тілінің мәртебесін көтеру керек деп есептейді. Сондай-ақ мәдениет пен киноиндустриядағы беталыс – көптің талқыға салған әуелгі тақырыбына айналды. Әсіресе комедиялық жанрдағы кинотуындылардың көбеюі тілге тиек болды. Құрылтай мүшелері ендігі бағытты арзан әзілдердің орнын тарихи мәндегі туындыға ауыстыру керек деп санайды.

– Ұлттық құрылтайдың маңыздылығы өте жоғары. Ұлттық құрылтайдың тарихи мекендерде өткізілуі себебі ерекше. Бағытымыз – ұлттық құндылықтардың негізінде ұйысу. Солардың басында мемлекеттік тіліміз түрады. Халықтың бірлігін күшейту үшін мемлекеттік тілдің төңірегінде ұйысумыз керек деген мәселелерді көтердік, – деді ҚХА мүшесі Шорзот Болатов.

Айта кетейік, тұңғыш құрылтай Ұлытауда өткен еді. Осыдан 2 жыл бұрынғы басқосуда тарихи орын санын көбейтіп, елге инвестиция тарту, экономиканы әртараптандыру басты назарға алынған. Ал былтыр Түркістандағы жиын мемлекетаралық алыс-берісті нығайтып, құқықтық саясатқа көңіл бөлуге бағытталды. Ал Атыраудағы құрылтай – туризмді дамыту мен мәдениетті жандандыруды негіз етті.

Ұлттық құрылтайдың негізгі мақсаты  — билік пен бұқара арасында диалог орнату. Сол арқылы ашық алаңда елдің ілгерілеп дамуына ықпал ететін бастама көтеріледі. Жергілікті органдардың жұмысын қадағалап, баға беру – құрылтай мүшелерінің әуелгі міндеті. Бүгінгі Батыста өткен басқосу да осы бағытты ұстанды.

Оқи отырыңыз: Президент келесі жылы Ұлттық Құрылтайды Көкшетауда өткізуді ұсынды