Алматыдағы еріктілер Республика күні қарсаңында игі істер марафонын бастады. Ертең олар аз қамтылған отбасыларға азық-түлік таратады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, 50 жанұяны қамту жоспарланған, деп хабарлайды Almaty.tv.
– Тұтынуға қажетті тауарлар және тұрмыстық химиялық заттарды салдық. Бұйырса, еріктілермен бірге әрбір үйге жеткізіп береміз. Республика күні – ұлттық мереке. Сол мерекеде бір-бірімізге сыйлық сыйлау дәстүрін жандандырсақ деген ниет бар, – деді қайырымдылық қорының директоры Жасұлан Қуандық.
Еріктілер «материалдық көмекке мұқтаж жанұяларға көмек беру игі істің басы ғана» дейді еріктілер. Мереке қарсаңында олар жақсылыққа бастайтын өзге де жұмыстарды іске асырмақ.
– Тұрақты көмектесіп тұратын мұқтаж отбасылардың тізімі бар. Ол тізім әкімдікпен бірлесе тексеріледі, ары қарай көмек көрсетеміз. Мереке қарсаңында қаламызда іс-шара кешені ұйымдастырылып жатыр, – деді Жастар саясатын дамыту мемлекеттік қоры директорының міндетін атқарушы Бағдат Анарбай.
Оқи отырыңыз: Алматыда Республика күні қалай тойланады