Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысы Атырауда өтеді. Қазір аймақта маңызды іс-шараға дайындық қызу жүріп жатыр. Бүгін 4 сессия өтіп, талқы ұйымдастырылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі
«Ұлттық құрылтайдың Атырауда өтуі үлкен мәртебе». Осылай деп пікір білдірген қоғам белсенділері «Әсіресе, маңызды іс-шараның Жеті хан жерленген жер – Сарайшық қалашығында өтуі бекер емес» деп отыр. Өйткені қойнауы тарихқа бай, шежірелі өлкенің әлі де зерттелмеген тұсы көп. Ал Президент бастаған басқосу өз кезегінде мұнайлы өлкедегі бірнеше мәселені шешуге ықпал етпек. Қоғам белсенділерінің айтуынша, Амал мерекесімен тұспа-тұс өткізілуі – халықтың береке мен бірлігін одан әрі нығайтады.
– Құрылтайдың Атырау өлкесінде өтуі оның ішінде Сарайшықта, Жеті хан жатқан жерде өткізілуі батыс өңірі үшін үлкен мәселе. Елдің мүддесі, тағдыры шешіледі деп ойлаймын. Сондықтан да Атыраудың біраз мәселесі көтерілсе, нұр үстіне нұр болар еді, – деді қоғам белсендісі Абылай Құрмет.
Ал саясаттанушы Сайфолла Сапановтың айтуынша, батыс өлкесінің диалог алаңына айналуы – аса маңызды. Өйткені әлеуметтік, мәдени мәселелерді шешуге Құрылтай оң серпін бермек. Биылғы жиында бар басымдық әлеуметтік салаға бөлінеді. Яғни, экономика әртараптанып, өзге елдермен алыс-беріс, барыс-келіс қайта жандана түспек, ал өңірдегі мәдениет, туризм салалары қайта түрленеді. Сарапшылар сондай-ақ тарихи сананың жаңғыруы мен қазақы құндылықтарды әлемдік брендке айналдыру бағытында да нақты шешімдер қабылданады деген сенімде.
– Атырауда өтуінің тарихи-танымдық жағынан маңызы өте зор. Өйткені қазіргі күрделі геосаяси жағдайда Қазақстанның мемлекеттілігі, болашағы, келешегі, күн тәртібіне қойылып жатқан кезде Президенттің осындай тарихи қадамға баруы тарихи оқиғаға айналады деп сенемін, – деді саясаттанушы, тарих ғылымдарының докторы Сайфолла Сапанов.
Ұлттық құрылтай бұған дейін, Ұлытау мен Түркістан облыстарында өткен. Биылғы кезек – Атырауда. Қазір аймақта дайындық жұмыстары қызу жүріп жатыр. Ал делегаттардың алғашқы легі, тіпті келіп үлгерген.
Айта кетейік, басқосудың үшінші отырысы қаладағы көрме залында өтеді деп жоспарланып отыр.
Жұлдыз Қайратқызы, Фархад Тәжиев, «Алматы» телеарнасы, Атырау облысынан
Оқи отырыңыз: Ұлттық құрылтайда көтерілген мәселелер біртіндеп жүзеге асып жатыр