Мүгедектігі бар адамдарға күтім жасайтын жандарға айлық қалай төленеді

Almaty.tv
Almaty.tv
Алматы қаласында 1-топтағы 5 мың 682 мүмкіндігі шектеулі азамат бар
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы қаласында 1-топтағы 5 мың 682 мүмкіндігі шектеулі азамат бар. Мемлекет басшысының сайлауалды бағдарламасына сәйкес, аталған топтағы мүгедектігі бар адамдарға күтім жасайтындарға жеке көмекші ретінде еңбек ақысын төлеу және жұмыс уақытын еңбек өтіліне қосып тіркеу мүмкіндігі енгізілді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Биыл 1 шілдеден бастап мүгедектігі бар адамдардың күтушілері тиісті еңбекақы және әлеуметтік аударымдармен қамтылып, жеке көмекші ретінде рәсімделуде. 51 жастағы Алматы тұрғыны Ұлан Іңкәрбеков – 1-топ мүгедегі. Ол аталған бастаманың маңызды екенін айтты. Себебі бір адамдай жұмыс істейтін мамандардың еңбегі еш қалмауы керек.

– Көп адам жұмыс таба алмай жүреді. Бұл жерде айлығын алады, әлеуметтік аударыммен қамтылған. Әр адамның ыңғайын білу керек. Сондықтан мүгедектігі бар адамдар көмекке танитын таныстарының арасынын іздейді, – деді қалалық мүгедектер қоғамының төрағасы Ұлан Іңкәрбеков.

1 шілдеден бастап жеке көмекшінің қызметі үшін 1 сағат  АЕК-тің 13,64 пайызын құрайды. Яғни, шамамен, сағатына 471 теңге. Жеке көмекшілер өздерінің қызметі жайлы күнделікті есеп беріп отыруға міндеттеледі.

– Жеке көмекшілер бір ай бойы мүгедектерге қызмет көрсетеді. Қай жерде бірге жүргенін, қай жерге алып барғанын көрсетіп, ай сайын әлеуметтік қызмет порталында есеп беріп отырады, – деді оңалту орталығының директоры Меруерт Рүстембекова.

– Биыл біз техникалық оңалту құралдарының тізімін кеңейте бастадық. Сонымен қатар ең маңыздыларының бірі аталған санаттағы азаматтарға берілетін гигиеналық заттардың нормативі 2 есе артты.  Инватакси мәселесі де түпкілікті шешіліп, келіссөз жүргізілді, – деді Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы тең мүмкіндіктер бөлімінің басшысы Аманат Сұлтанғазиев.

Сондай-ақ әлеуметтік кодекске енгізілген өзгерістермен қатар, мүгедектігі бар адамдарға, оларға күтім жасайтындарға, асыраушыларынан айырылған отбасыларға берілетін жәрдемақы мөлшері 14,5 пайыз артты.  

Республикада қарттар мен мүгедектігі бар адамдарға арналған стационар жағдайында 118 әлеуметтік қызмет көрсету орталығы бар. Олардың функцияларына азаматтардың осы санаттарына медициналық, әлеуметтік қызмет және оңалту жүргізуіне жағдай жасау кіреді.

Алматы қаласында 56 мың 98 адам мүгедектігі бойынша жәрдемақы алады. Ал алдағы уақытта әлеуметтік бағдарламалар орталығының мамандары жеке көмекшілерді арнайы курстардан өткізуді жоспарлап отыр.

Жансая Олжабек, Сағынғали Мұңайтбасов, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Қазақстанда агроном тапшы

Новости партнеров