Түрксіб ауданында Президент жолдауын талқылауға арналған жиын өтті. Шараға жергілікті әкімдік қызметкерлері мен аудан тұрғындары қатысты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Өз ойларын білдірген азаматтар мінберден сөз сөйлеп, жаңа ұсыныстар айтты.
«Жолдау өте орынды. Қаңтар оқиғасынан кейін елімізге нақты керек өзгерістер деп санаймын. Соған байланысты бүгін алқалы жиын өткізіп талқыладық», - деді Түрксіб ауданы әкімінің орынбасары Ермек Бейсеуов.
Жиынға қатысушылардың көпшілігі Жетісу, Абай, Ұлытау облыстарының пайда болуы мен Қапшағай қаласын Қонаев деп өзгерту ұсынысы үлкен жаңалық болғанын айтады.
«Қапшағайға Қонаев атын береміз дегенде Қапшағай қаласы емес, қазақ халқының біразы көзіне жас алды. Осындай атамызды біз сыйлауымыз керек», - деді Түрксіб ауданының тұрғыны Жаһанша Ахметов.