Алматыда көпке танымал орындар мен саябақтар абаттандырылатын болады. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде Медеу ауданының әкімі Еркебұлан Оразалин айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Спикердің сөзінше, биыл шілдеде жеке қаражат есебінен сәулет ескерткіші ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясы ғимаратын күрделі жөндеу жұмыстары басталған. Жобада сондай-ақ Ғылым академиясына іргелес аумақтағы Шоқан Уәлиханов атындағы алаң мен Шевченко көшесі жағынан іргелес жатқан скверді абаттандыру көзделген. Қазір жұмыстар 90%-ға аяқталды.
«Осыған ұқсас жұмыстар Ғылым академиясы ғимаратына іргелес Пушкин көшесіне жақын алаңда да жүргізілуде. Бұл жоба «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында жүзеге асуда. Үш алаңдағы жұмыстар жыл соңына дейін аяқталады. Сондай-ақ қала нышандарының бірі «Көктөбе» телемұнарасын сәулеттік-көркемдік жарықтандыру жұмыстары жоспарланған. Құрылыс-монтаждау жұмыстары 2024 жылдың қаңтарда басталып, мамырда аяқтау жоспарлануда», - деді спикер.
Қоғамдық кеңістіктерді дамыту аясында «Самал-1» шағынауданында орналасқан «Журналистер» саябағын реконструкциялау жұмыстары жыл соңына дейін жүргізіледі. «Алатау» шағынауданы тұрғындарының өтінішімен биыл Ибрагимов көшесінде скейт-парктің құрылысы басталды. Жұмыстар жыл соңына дейін аяқталады.
«Аяқталу сатысында тұрған келесі жоба – Достық даңғылынан «Есентай» өзеніне дейінгі Оспанов көшесіндегі жаяу жүргіншілер аймағы. Жоба аясында ұзындығы 500 метрге жуық тротуар жолы кеңейтілді. Жаяу жүргіншілер аймағының басты ерекшелігі 80 суретшінің көркем композицияларымен безендірілген граффити қабырғасы болды», - деді Еркебұлан Оразалин.
Ол биыл қыркүйектің басында жеке қаражат есебінен «Көктөбе» саябағына дейін ұзындығы 1,2 шақырым жаяу жүргіншілер жолын салу жұмыстары басталғанын айтты. Бүгінгі күні жол салу және асфальттау бойынша негізгі жұмыстар жасалды. Жарықтандыру мен басқа да жұмыстар 2024 жылдың көктемінде аяқталады.
Биыл сондай-ақ «Көк базарды» жаңғырту жұмыстары басталды. Желілерді қайта жаңарту жүргізілуде, орталық кіреберістің алдында бетон жабындысын жаңарту, тірек конструкцияларын күшейту, аумақты абаттандыру жоспарлануда. Жұмыстарды 2025 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.
Еске салсақ, Алматы әкімі Ерболат Досаев бұған дейін «Көк базардың» жаңартылатыны туралы айтқан болатын.