Жазда желіге 100 жаңа автобус шығарылған
Алматы коммуналдық автопаркіне қала әкімі Ерболат Досаевтың тапсырмасымен биыл сатып алынған газбен жүретін жаңа автобустары келіп жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv.
Жазда желіге 100 жаңа автобус шығарылды. Қазір тағы 500 жаңа автобус рәсімделіп, дайындалды. Дайын болған кезде олар жолаушылар ең көп жүретін маршруттарға шығады. Мысалы, 2024 жылдың қаңтарында №63, №28, №14, №92, №120, №120А, №79, №50 және т.б. маршруттарды күшейту жоспарланған.
– Автобус газ, метанмен жүреді. Жүргізушінің айналасы есікпен жабылған. Қауіпсіздік қамтылған, кабинасында камера, салонның камералары толық түсіріп тұрады, – деді автобус паркінің директоры Нұрболат Мұсаев.
Бұған қоса, троллейбус паркіне 100 троллейбус сатып алынды, қазір олар жолаушылар тасымалына шыққан. Әрі жеке тасымалдаушылар тұрақты негізде жаңа жылжымалы бірліктерді сатып алуда, биыл 550 автобусқа арналған жылжымалы құрам жаңартылды. Осылайша, 2023 жылдың соңына қарай қоғамдық көліктің экологиялық отын түріндегі үлесі 53%-ға жетті.
– Көлік инфрақұрылымын және мегаполисті дамыту – Алматы қаласы әкімдігінің ең басты міндеті. Қазір қарқынды жұмыстар жүріп жатыр. Біз ең алдымен БАКАД-тың жай-күйіне аса мән беріп отырмыз. Алдағы екі жылда сол аумақтағы 5 жолдың құрылысын аяқтауымыз керек, 4 ішкі магистральді көшені ретке келтіріп, кеңейтіп, қала шекарасына дейін созу керек. Сондай-ақ жедел қоғамдық көлік санын көбейтеміз,– деді Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев.
Естеріңізге сала кетейік, биыл жыл басынан бері 22 жаңа бағыт ұйымдастырылып, 205 автобус тартылып, 364 автобус есебінен 24 маршруттағы жылжымалы құрам жаңартылды. Бұл ретте, орта есеппен тәулігіне жолаушылар ағыны 1,2 млн-нан 1,5 млн жолаушыға дейін өсті.
Оқи отырыңыз: Алматының дизайн-коды жеті қосымшадан тұрады