Петропавлда тұтас бір отбасын өлтіріп кетті

29.12.2023 14:51

Полиция қылмысқа қатысты күдіктілерді ізін суытпай ұстады

elements.envato.com

Петропавлда бір отбасының үш бірдей мүшесін өлтіріп кетті. Жұмысшы кентінде зорлық-зомбылық белгілері бар ер адамның, әйелдің және олардың кәмелетке толмаған ұлының денесі табылды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Полицейлер 3 адамның өліміне күдікті деп танылған 2 азаматты уақытша ұстау изоляторына қамады. Қазір істі СҚО прокуратурасы мен Полиция департаменті бақылауға алды.

– Аталған факт ҚР ҚК-нің 99-бабының 2-бөлігі 1-тармағы, яғни, 2 немесе одан да көп адамды өлтіру бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің біріңғай тізіліміне тіркелді. ҚР Қылмыстық процесстік кодексінің 201-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректері жария етілмейді, – деді СҚО Полиция департаменті тергеу басқармасы бастығының орынбасары Азат Құсайынов.

Жергілікті тұрғындар жантүршігерлік оқиға ауданда алғаш рет болып отырғанын айтты. Ауыл азаматтары жақындарының өміріне алаңдап отыр.

– Әрине, қорқынышты жағдай. Оқиғаны күйеуімнен естідім. Екі қызым бар. Балалар үшін алаңдаймыз, бір жаққа жіберуге де қорқып қалдық, – деді қала тұрғыны Светлана Ежова.

Оқи отырыңыз: Отбасындағы зорлық-зомбылық: республика бойынша 130 мыңнан аса арыз түскен