Жаңартылған скверде жасыл желекті суарудың автоматтандырылған жүйесі, жаңа балалар ойын мен спорт алаңдары орнатылады
Алматының Жетісу ауданының тұрғындарының өтінішімен «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында Жұмысшы кентінде жаңартылған серуендеу аймағы пайда болады. 500 метрге созылатын абаттандыру жұмыстары Крылов көшесі бойымен Кудерин көшесінен Сахалинская көшесіне дейінгі аумақта жүргізіледі, деп хабарлайды Almaty.tv.
Жаңартылған скверде жасыл желекті суарудың автоматтандырылған жүйесі, жаңа балалар ойын мен спорт алаңдары орнатылады. Сондай-ақ жаяу жүргіншілер аймағында шағын футбол алаңы толығымен жөндеуден өткізіліп, орындықтар мен қоқыс жәшіктері қойылады. Қосымша сәндік қоршаулар мен габион құрылымдары орнатылады.
Аудан тұрғындарының қауіпсіздігі үшін орталық зират пен қосымша жолдың айналасындағы қоршаулар толығымен қалпына келтірілді. Бұрын зираттағы қоршаулар апатты жағдайда еді, түнгі уақытта вандализм және шойын қоршауды ұрлау фактісі тіркелген. Енді мұнда ұзындығы 2 км болатын қоршаулар орнатылып, биіктігі 3 метрлік дуал салынды. Зират айналасындағы 4 мыңнан астам апатты және қураған ағаштар санитарлық мақсатта кесілді.
Жаңа оқу жылының басына қарай серуендеу аймағы жақын маңдағы тұрғын үй массивтері тұрғындарының демалуына қолайлы жағдай жасайды: балалар мен спорт алаңдары бар жаңа қоғамдық кеңістік құрылады, сквер бойында автотұрақ орындары, жаяу жүргіншілер жолдары салынады.
Жалпы, «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында биыл Жетісу ауданында 34 жоба жүзеге асырылып жатыр, оның 24-і аулалық аумақты ағымдағы жөндеу, 2 жаяу жүргіншілер аймағы, 1 саябақ, 4 қоршау, 3 сквер және 3 автоматты суару жүйесі. Осы жобаларды жүзеге асыру үшін Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаевтың тапсырмасымен биыл ауданға осы бағдарлама бойынша қаржыландыру 2 миллиард теңгеге дейін ұлғайтылды.
Оқи отырыңыз: Алматыда робототехникадан олимпиада жеңімпаздары әлемдік кезеңге жолдама алады