«Шымбұлақ» тау шаңғысы курорты ресми түрде «Әлемдегі ең биік түнгі тау шаңғы трассасы» номинациясы бойынша Гиннестің рекордтар кітабына кірді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі
Бұл – әлемдегі жаңа рекорд. Оны ресми түрде табыстауға Guinness World Records офисінің судьясы елімізге арнайы келген. Салтанатты іс-шара теңіз деңгейінен 3200 метр биіктіктегі «Талғар асуында» өтті. Кейіннен кәсіби спортшылар әлемдегі ең биік түнгі тау шаңғы трассасымен төменге қарай сырғанап өтті.
Қазақстандықтарды тарихи жетістікпен Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов та құттықтады. Оның айтуынша, ішкі туризмді дамыту үшін қазір ведомствоның араласуымен нақты қадам қабылданып жатыр. Ол үшін алдағы 7 жылға арналған тұжырымдама әзірленген.
«Бұл үлкен мақтаныш деп айтуға болады. Болашақтада да туристтер саны артатынына еш күмәнім жоқ. Бұл – ішке және сыртқы туризмді дамыту мақсатында жүргізіліп жатқан жұмыс. Әлеуетіміз өте зор. Бұл бағыттағы жұмысты министрлік тарапынан, қалалық әкімдікпен, кәсіпкерлермен бірлесіп жалғастыратын боламыз», – деді ҚР Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов.
Алматы қаласындағы «Шымбұлақ» тау шаңғы курорты әлемдегі ең биік түнгі шаңғы трассасы номинациясын жеңіп алды. Гиннестің рекордтар кітабына енгізілді. Бүгінгі салтанатты шараны тамашалауға келгендер арасында шаңғы мен сноубордпен айналысатын кәсіби спортшылармен қатар әуесқойлар да бар.
«Көңіл-күйім керемет. Бүгін Қазақстанның «Шымбұлағы» Гиннестің рекордтар кітабына кіргеніне қуанып тұрмын. Басқа курорттарға қарағанда ең мықтысы деп ойлаймын. Биыл 8-рет келіп тұрмын. Сабақтан, жұмыстан босай сала осында асығамын. Келіп, сырғанап, рақаттанып, видео түсіріп тауға қарап рақаттанамын», – деді қала тұрғыны Нұрасыл Жұмабеков.
«Бүгін достарыммен бірге келдім. Тарихи іс-шараға куә болдық. Олар қазір төменге түсіп кетті. Көңіл-күй өте керемет. Қазақ елінде осындай «Шымбұлақтай» жердің барына қуанамыз», – деді қала тұрғыны Гүлшат Мыңбай.
Таудың керемет көрінісі, жұмсақ климаты мен саф ауасы кімді болмасын қызықтырмай қоймайтыны белгілі. Соңғы уақытта ел тұрғындарынан бөлек, осы тау-шаңғы кешенін арнайы шетелден іздеп келетіндер көбейген. Былтыр олардың саны 1 миллионнан астам адамға жетіпті. Демалыс аймағы 68 жыл қатарынан үздіксіз жұмыс істеп келеді.
Ұлағат Арғын, Сағынтай Мұңайтпасов «Алматы» телеарнасы