Мәдениет саласының өкілдері 1000 алма ағашын отырғызады

қала әкімдігінің баспасөз қызметі
қала әкімдігінің баспасөз қызметі
Алматыда жаппай ағаш пен гүл отырғызу науқаны басталды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда жаппай ағаш пен гүл отырғызу науқаны басталды. Мәдениет саласының өкілдері театрлар мен музейлердің, кітапханалар мен архив, зообақ пен цирк аумағына, сондай-ақ қаладағы саябақтар мен скверлерде 1000 түп алма ағашын отырғызуды жоспарлап отыр, деп хабарлайды Almaty.tv.

«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында өтіп жатқан «Алматы – біздің ортақ үйіміз» науқанына ұлт жанашыры, халық ақыны, жазушы, қоғам қайраткері, Қазақстанның Еңбек Ері Мұхтар Шаханов қолдау көрсетті. Ол «Алатау» дәстүрлі өнер театры алдына алма ағашын отырғызып, экологиялық шараның қаланың тыныс-тіршілігі үшін аса маңызды екенін атап өтті.

«Бұл  – жақсы қасиеттерді насихаттайтын, ынтымақ пен ауызбіршілікке шақыратын және мейірімділікке баулитын үлкен іс-шара. Мен 82 жаста болсам да, ортақ мүддеміз үшін азаматтық белсенділік танытып, ағаш отырғызуға келдім. Әсем Алматымызды көркейту жолында қала тұрғындары ғана емес, қонақтары да атсалысуы қажет. Мұндай бастамаларды қолдаған дұрыс деп ойлаймын. Алматы экологиялық мәдениет жоғары дамыған қалаға айналуға тиіс. Соған тырысуымыз керек», – деді Қазақстанның Еңбек Ері Мұхтар Шаханов.

Сондай-ақ театр алдына ҚР Халық артисі Тұңғышбай Жаманқұлов, ҚР Халық артисі Рамазан Стамғазиев, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Сәуле Жанпейісова, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Ардақ Исатаева, ҚР мәдениет қайраткері Қадырғали Көбентай, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Еркін Шүкіман, дәстүрлі қазақ әндерін орындаушы Амангелді Күзеубай және мәдениет саласының басқа да танымал өкілдері өз атынан алма көшетін екті. «Алатау» дәстүрлі өнер театрының алдына барлығы 60 ағаш және 2500 гүл отырғызылды.

Бұған қоса, Алматы хайуанаттар бағының аумағында сала қызметкерлері 250 түп шомырт, мамыргүл, тал, талшын, бадам, жаңғақ және көктерек отырғызды. Ал Қазақ мемлекеттік циркінің аумағында 70 көшет және 40 гүл, қалалық музейлер аумағында 130 ағаш және 400-ден астам гүл отырғызылды.

Айта кетейік, 27 сәуір күні Алматыда «Алматы – біздің ортақ үйіміз» науқаны аясында жаппай алма көшеттері егіледі. «Алматы - бақ қала» акциясы барысында барлығы 7 705 жасыл желек, оның 4 015 жеміс (3 855 алма ағашы) және 1 090 жапырақты ағаш, 2 600 бұта (сәнтал, ырғай, қабыржық, қаржеміс және т.б.) отырғызылды.

Оқи отырыңыз: Алматылық оқушылар 2000-нан астам қызғалдақ отырғызды

Новости партнеров