2024 жылы Алматының Медеу ауданында 42 көше бойынша сыртқы жарықтандыру жаңғыртылады. 1 938 шам орнатылып, 59 км электр желілері салынады, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Бұл туралы әкім Ерболат Досаев Медеу ауданының тұрғындарымен кездесуде айтып, осы жылдың 4-тоқсанында жұмыстың аяқталатынын жеткізді. Оның сөзінше, 90 бау-бақша серіктестігінде сыртқы жарықтандыру желілерін салуға қосымша жобалау-сметалық құжаттама әзірленуде. Сараптама қорытындысын 2024 жылдың II-тоқсанында алу көзделіп отыр.
- Аудан тұрғындарын толғандыратын мәселелердің бірі - сыртқы көше жарығы. Күзде жарықтандыру желілеріне қызмет көрсету бойынша өкілеттік аудан әкімдіктеріне берілді. Өткен жылдың қарашасында аудан әкімдігі «Алматы Қала Жарық» компаниясымен шарт жасасты. Соның нәтижесінде, 3 айда жөндеу бригадалары 515 өтінімді пысықтап, 150 бақша-саябақ шамдарын ауыстырды, 1050 энергия үнемдейтін LED-шамдар орнатылды, 5 қоғамдық кеңістік аумақтарында жарықтандыру қалпына келтірілді. Бұл - 28 панфиловшылар саябағы, Кіші Алматы өзенінің жағалауы. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Алматыда көше жарығы осы жылы 85%-ға, 2025 жылдың соңына дейін 100%-ға қалпына келтіріледі, - деді Ерболат Досаев.
Қала басшысының айтуынша, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында 2023 жылы 57 «Сергек» аппараттық-бағдарламалық кешені орнатылды, оған 290 камера кіреді. Ал биыл 30 «Сергек» кешенін орнату және 750 жаңа бейнемониторинг жүйесінің камераларын орнату жоспарланған.
Оқи отырыңыз: Медеу ауданында қоғамдық көлік жұмысының сапасы жақсарады