Алатау ауданын дамытудың маңызды аспектіcінің бірі тұрғындарды орталық сумен жабдықтау және канализация желісімен қамтамасыз ету мәселесі болып табылады. Бұл туралы Алатау ауданы тұрғындарымен кездесуде қала әкімі мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Оның айтуынша, 2022 жылы Ақбұлақ, Шапағат, Самғау , Өжет шағынауданында 187 км орталық сумен жабдықтау және канализация желілері аяқталды. Сондай ақ Алатау ауданында орталық сумен қамту 70%-тен 80%-ке, ал канализация желілерімен – 55%-тен 67%-ке дейін артады.
Самғау және Өжет бойынша канализация желісін толық іске қосу үшін 5 канализациялық сорғы станциясы салынып жатыр. 2023 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған. Бұл қосымша 7,5 мың жеке тұрғын үйді сапалы сумен және канализациямен қамтуға мүмкіндік береді.
«Биыл 170 км орталық желілердің құрылысы жалғасып, Қарасу, Шаңырақ-1 шағынауданында 2023 жылдың ІІ тоқсанында, сондай ақ Алғабас шағынауданында 2-ші кезегін, Әйгерім-1, 2, Боралдай шағынауданында 2023 жылы желтоқсанда аяқталады. Барлығы 13 мың үй қамтылады», – деп мәлімдеді Е. Досаев.
Өткен жылы Рахат-Мәдениет, Түркістан, Болашақ шағынауданында 286 км сумен жабдықтау және канализация желісін және Алғабаста 3-ші кезегін, Шапағатта 2-ші кезегін, 1 канализациялық сорғы станциясын салу үшін жобалау-сметалық құжаттама жасалды.
«Биыл Теректі («Сапа Курылыс 2007» ЖШС), Алғабас («Универсал Строй Сервис» ЖШС) және Шапағат («Астана Инжкомстрой» ЖШС) шағынауданында мердігер ұйым анықталды, қалған шағынаудан бойынша конкурстық рәсім 2023 жылдың сәуіріне дейін аяқталады, содан кейін желілердің құрылысын бастап, 2024 жылдың желтоқсан айында аяқтаймыз. Нәтижесінде тағы 6 мың үй орталық сумен жабдықтау және канализация желісіне қосылады», – деді қала әкімі.
Оның айтуынша, өткен жылдың қазан айынан бастап Соқпақбаев көшесіндегі желілерді (су және канализация) ауыстыру жұмысы басталды, олар 2023 жылдың сәуір айының соңына дейін аяқталады.
«Жалпы, жоғарыда аталған инженерлік желілерді жаңғырту жұмысы аяқталғаннан кейін 2025 жылдың басына қарай 30 000-ға жуық тұрғын үй орталық сумен жабдықтау және канализация желісіне қосылады, осылайша Алатау ауданы саяжай массивтерін қоспағанда, инженерлік желімен 100% қамтамасыз етіледі», – деп айтты қала әкімі.