Мың бояулы қала: Алматының көрікті жерлері

Мың бояулы қала: Алматының көрікті жерлері
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Бүгінде Алматы – мәңгілік махаббат мекеніне айналған, саясат пен мәдениеттің тоғысқан жерінің көрінісіне айналған тарихи қала.

Шаһарымыздың тарихына үңілетін болсақ, сонау Х ғасырдан бастау алады. Сол уақыттан бері талай қиындықты өткеріп, көркейіп, түрленді. Елдігіміздің бесігіне айналған қала тарихи орындар мен тарихы бай қала.

Қаламыздың ең көрікті демалыс орындарының бірі, жасанды мұз айдыны бар дүниежүзіндегі ең ірі спорт кешені – Медеу мұз айдыны.  Ол Алматы қаласынан 18 км жерде, Кіші Алматы шатқалында орналасқан. Табиғи мұз айдыны ретінде 1951 жылы пайдаланыла бастады. Медеу спорт кешені 1972 жылы тұрғызылды. Оған 10.500 шаршы метр жерді алса, сонша адамды сыйғызады.

Әлемдегі ең үлкен, кез келген жер сілкінісіне төтеп бере алатын «Көктөбе» телемұнарасы да Алматыда орналасқан. Телемұраның жанында, тау баурайында аспалы арқан жолымен алып шаһарымызды 2 шақырым биіктіктен тамашалауға болады. Мұнда хайуанттармен бағы, түрлі атракцион мен көркем алма бағы бар.

«Әлемдегі ең биік түнгі шаңғы трассасы» номинациясы бойынша Гиннестің рекордтар кітабына енген «Шымбұлақ» тау-шаңғы курортын да атап өту керек. Аталмыш демалыс орны Алматы орталығынан 15 минуттық жерде, Іле Алатауының әсем шатқалында орналасқан. Мұнда бір жылда 1 миллионнан астам демалушы барған. Туристердің тең жартысынан көбі қыс мезгілінде келген. Бір ғажабы, Шымбұлақтағы қалың қар желтоқсаннан сәуір айына дейін ерімейді.

Сонымен қатар Алматының 1000 жылдығына орай ашылған «Алматы Арена» мұз айдыны да қаламыздың сәнін келтіріп тұр. Ол – Орталық Азияда теңдесі жоқ кешен. Әлем бойынша техникалық тұрғыдан үздік жабдықталған айдындар қатарында. Кешен үш блоктан: мұз айдыны, жаттығу айдыны және жүзу бассейнінен тұрады.  Мұнда түрлі жарыстар өтеді.

Тарихы терең қаламыз әсем табиғатымен ғана ерекшеліп қоймай, еліміздегі театрлардың ең көп шоғырланған жері. Мұнда «Қазақ драма театры», «Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық және балет театры», М.Ю. Лермонтов атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театры, Мемлекеттік неміс драма театры, Мемлекеттік қуыршақ театры, Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры, Наталия Сац атындағы орыс мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры, Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік балалар мен жасөспірімдер театры, «Қазақ мемлекеттік филармониялары» сынды  мәдени нысандар қалаға көрік беріп тұр.

«Өткенді айтпай, болашақ жоқ» демекші, адамзаттың өткені мен өшкенін жаңғырту, өскелең ұрпаққа таныстыру мақсатында ұйымдастырылатын мәдениет пен тарихтың негізгі орталарының бірі – мұражайлар. Алматы мәдени ошақтың ортасы болғандықтан қалада мұражайлар аз емес.

Солардың бірі – «Әбілхан Қастеев атындағы өнер музейі». Бүгінгі күнде мұражайда елдің ұлттық игілігін құрайтын 23 000 бағалы экспонаттар бар. Ұлттық және әлемдік мәдениетінің қазынасы мұражайдың 14 залында көрсетілген.

Орта Азия аумағындағы алғашқы болып құрылған бірегей музейлердің бірі, дүниежүзі бойынша  халық музыка аспаптарына арналған бесінші музей ретінде әлемдік музейлер тарихында өз орны бар – Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейі. Бұл мәдени орын – алматылықтар мен қала қонақтары жиі бас сұғатын жері. Ол «28-гвардияшы-панфиловшылар» атындағы паркте орналасқан.

Жұрт жиі баратын тағы бір мәдени орын – ҚР Қарулы күштерінің Әскери-тарихи музейі. Ол еліміздің тарихындағы тұңғыш Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің Әскери-тарихи музейі 2015 жылдың 1 желтоқсанында ашылған. Бұл жерде қазақ халқының батырлық жылнамасы болып табылатын барлық жәдігер жинақталған.

Алматы – әсем қала. Оның көркіне көз тоймайды. Тамаша табиғаты аспанмен таласқан заңғар тауымен, аққан өзен-суымен, жасыл желегімен ерекшеленеді.

Алматының басты көрікті демалыс саябақтарының бірі, талай жастардың отбасы болуына себеп болған саябақ – «ҚР Тұңғыш Президенті саябағы». Бұл саябақ халықтың таза ауада демалушы үшін жайлы жағдай жасалған.  Ол Науаи көшесі мен әл-Фараби даңғылы қилысында орналасқан.

Ұлы Отан соғысы жылдарында Мәскеуді ерлікпен қорғаған қазақстандық жауынгерлердің құрметіне ашылған – «28 Панфиловшылар саябағы». Ол қаламыздың орталығында орналасқан.

Алматының мәдени айнасына айналған ең танымал көрнекті орын – «Орталық демалыс саябағы». Оның аумағында аттракциондар паркі, ашық аспан астындағы аквапарк пен балалар қалашығы орналасқан.

Ал «Денсаулық жолы» Терренкур саябағы, Ботаникалық бақ пен Баум тоғайы керемет табиғатымен көздің жауын алады.Себебі мұнда таза ауа, керемет көрініс, түрлі өсімдіктер отырғызылған.

Қаланың орталығынан ойып тұрып орын алған Арбат мәдени демалыс орны «Жібек жолы» көшесінде орналасқан. Алматының Арбаты жылдың қай мезгілі болмасын халыққа толы. Мұнда қала тұрғындарынан бөлек, сырттан келген туристердің қарасы көп. Көпшілік күндіз-түні толассыз келетін бұл орынның өзіндік ерекшелігі де жоқ емес.


Новости партнеров