Алматыға дәрі-дәрмектерді уақтылы жеткізу қажеттілігіне байланысты қала әкімі Бақытжан Сағынтаевтың тапсырмасымен қаланың стационарлық ауруханаларын қажетті дәрі-дәрмектермен және басқа құралдармен қамтамасыз етуге арналған тәулік бойы қызмет ететін арнайы штаб құрылды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингі барысында Алматы қаласы әкімінің орынбасары Сапарбек Тұяқбаев мәлімдеді.
Алматыдағы ауруханаларда жататын орындардың кеңеюіне байланысты стационарлық ауруханалардағы пациенттер саны, сонымен қатар дәрі-дәрмектерге деген қажеттілік артты.
«Осыған байланысты әкімдіктің бастамасымен тәулік бойы ауруханаларға дәрі-дәрімектер, тұрмыстық заттар мен ауыз су жеткізетін арнайы штаб құру туралы шешім қабылданды», — деді Сапарбек Тұяқбаев.
Сондай-ақ, ол стационарлық ауруханаларда дәрі-дәрмектерді дәрігердің нұсқауымен тегін тарату жүзеге асырылатын дәріханалар бар екенін атап өтті.