Қала әкімі Ерболат Досаев Наурызбай ауданы халқымен кездесуінде аудан әкімдіктерінің билігі күшейетінін айтты, деп хабаралайды Almaty.tv.
"Біздің Наурызбай ауданында, бау-бақша серіктестігімізде көше атаулары жоқ, екіншіден, жол жоқ. Тар көшелер мен асфальттың жоқтығынан қоқыс таситын көліктер айнала алмайтындықтан, қоқыс шығарылмайды. Оның үстіне бізде су да, жарық та жоқ. Наурызбай ауданы әкімдігі мәселелерді жедел шешетінін білемін, бірақ бұл мәселелер кешені қалалық әкімдік арқылы шешіледі деп ойлаймын. Мәселелерімізді шешіп беріңізші", - деді аудан тұрғыны.
"Келер жылдан бастап аудан әкімдіктері толыққанды бюджет алады. Күзде өзгерістер болады деп сенеміз. Президент мәселелерді тез шешуге мүмкіндік беретін аудандардың өз бюджеті болуы керек деген пікірді қолдады. Республикалық маңызы бар қалалар мен астанада аудан әкімдіктерінің жеке бюджеті жоқ екен. Ал электрмен жабдықтау және қоқыс шығару бойынша нұсқаулар беремін", - деп жауап берді қала әкімі.