Инженерлік инфрақұрылымды салу және қайта құру қала үшін мағызды саналады
Алматының Алмалы ауданында 34 көшеде шамамен 18 км сумен жабдықтау және су бұру желілері жаңғыртылып жатыр, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Бұл туралы Алматы әкімі Ерболат Досаев Алмалы ауданының тұрғындарымен кездесуде мәлімдеді. Оның айтуынша ең маңызды мәселенің бірі инженерлік инфрақұрылымды салу және қайта құру болып қала береді.
2024 жылы 34 көшеде 17,8 км сумен жабдықтау және су бұру желілерін қайта жаңарту және салу жоспарланып отыр.
Бұған қоса, Байтұрсынов – Төле би – Наурызбай батыр – Бөгенбай батыр көшелерінің аумағында 400 метр жылумен жабдықтау желілері қайта жаңартылып, Алмалы ауданының 16 аумағы бойынша жоспарлы жұмыстар жүргізілді.
Биыл Түркебаев – Кавказ – Дүйсенов – Тұрғұт Озал көшелерінің аумағында жылумен жабдықтау желілерін 800 метрді қайта жаңарту жоспарланған. Сонымен қатар, 18 учаскеде 3 км жылумен жабдықтау желілерін қайта жаңартуға ЖСҚ әзірленуде.
Сонымен қатар, 22 км электрмен жабдықтау желілері мен 18 трансформаторлық қосалқы станцияларды жаңғырту жоспарланған. Алматы әкімі 2023 жылы тұрғындарды тұрақты электрмен қамтамасыз ету үшін Алмалы ауданында 50 км электр беру желілері ауыстырылғанын, 27 трансформаторлық және тарату қосалқы станциялары жаңғыртылғанын, 6,4 км сумен жабдықтау және су бұру желілері қайта жаңартылғанын еске салды.
Естеріңізге сала кетейік, өткен жылдың қараша айында мегаполис басшысы Ерболат Досаев Алмалы ауданының тұрғындарымен кездесу барысында қалалық қызметтерге осы ауданда үздіксіз су беру үшін нысанды мерзімінде аяқтауды тапсырған болатын. Соның нәтижесінде «Панорама» ТҮК-де және Әйтиев көшесінде магистральдық және тарату желілерін жүргізе отырып, кәріз және сорғы станциясын жөндеу аяқталды.
Оқи отырыңыз: Алматыдағы Сайран көлі жыл соңына дейін абаттандырылады