Қала әкімі Ерболат Досаевтың Наурызбай ауданы халқымен кездесуінде «Жайсаң» тұрғын үй кешеніне қатысты мәселе көтерілді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Өзін заңгер ретінде таныстырған қала тұрғыны "Жайсаң" тұрғын үй кешені құрылысына қайтадан рұқсат берілмеу себебін сұрады.
"Мен заңгермін, «Жайсаң» тұрғын үй кешенін салушының өкілімін. Жоба мақұлданған жоқ, неге ол жерде рұқсатсыз заңсыз құрылыс жүргізіліп жатыр деген сылтаумен мемлекеттік органдар жаңадан рұқсат бермей отыр? Неліктен жаңа келісімшарт жасалмайды?" - дейді ол
Бұл сұраққа қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасының басшысы Алмасхан Ахмеджанов жауап берді.
«Архитектуралы жоспарлау тапсырмасы бір ғимаратқа арналған болатын. Басқа нысанға құжаттар болмады. Құрылыс салушының өзі рұқсатты қайтарып алды, бірақ соған қарамастан, құрылысты бастады. Нормативтік құқықтық актілерге сәйкес, алдын ала рұқсаттары, оның ішінде мемлекеттік сараптамасы жоқ объектілер рұқсат етілмеген құрылыс объектілеріне жатқызылады. Сондықтан Қазақстан Республикасының Әкімшілік кодексіне сәйкес бұзу мәселесі қаралды. Сот тиісті шешім шығарды», - деді қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасының басшысы Алмасхан Ахмеджанов.
Қала әкімі де осы мәселеге қатысты өз пікірін білдірді.
«Бұл мәселені заң тұрғысынан шешуді ұсынамын. Сот шешіміне қарсылық білдіргіңіз келсе, апелляциялық шағым түсіріңіз. Егер апелляциядан кейін сот бізге сәулет-жоспарлау тапсырмасын мақұлдауын беруді талап етсе, біз өз тарапымыздан оны орындаймыз», - деді Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев.