Алматының Бостандық ауданында мектеп автобусы ерекше қажеттіліктері бар балаларды бөбекжайдан тасымалдайтын болады, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
2023 жылы Алматы қаласының Бостандық ауданында 16 балабақша ашылды.
Бостандық ауданының мектепке дейінгі ұйымдарында орын тапшылығын азайту үшін 2023 жылы 15 жеке және 1 мемлекеттік балабақша ашылды. Бұл туралы аудан тұрғындарымен кездесуде Алматы әкімі Ерболат Досаев мәлімдеді.
Қала басшысы күрделі жөндеуден кейін №113 бөбекжай пайдалануға берілгенін хабарлады. Бұрынғы балалар үйінің 2 ғимаратын қайта жаңарту жұмыстары басталды. "Орбита-3" шағынауданында 480 орынды балабақша салынуда, аяқталу мерзімі 2025 жылдың наурыз айы.
- Былтырдан бастап қалада " Мектеп автобусы " жобасы жүзеге асырылуда. Бостандық ауданында 14 мектеп автобусы 6 мектептің оқушыларын тасымалдайды. Сондай-ақ, биыл ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды тасымалдау мақсатында "№2 арнайы бөбекжай - балабақшасы" КММ үшін 2 автобус бөлуді жоспарлап отырмыз, - деп атап өтті қала әкімі.
Естеріңізге сала кетейік, "Мектеп автобусы" жобасы әкім Ерболат Досаевтың тапсырмасы бойынша 2023 жылы Алматы әкімдігінің жобалық офисі аясында іске қосылды. Жалпы, биыл тағы 100 автобус сатып алып, мегаполистің қосымша 27 мектебін қамту жоспарлануда.
Оқи отырыңыз: Бостандық ауданында көшелерге жөндеу жүргізіліп, қоғамдық көлік жаңартылады