Әуезов және Бостандық ауданының тұрғындары қала күнін қалай тойлап жатыр

Әуезов және Бостандық ауданының тұрғындары қала күнін қалай тойлап жатыр
Бағдарламаның ерекшелігі түрлі ұлт пен ұлыс өкілдерінің биінен арнайы қойылым ұйымдастырылды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қала күнін мерекелеуде Алматы аудандары да қалыс қалған жоқ. деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Концерттік бағдарламалар мен көңілді ойындар ұйымдастырылды. Одан бөлек түрлі этнос өкілдері ерекше форматта қойылымдар көрсетті. Әуезов ауданының тұрғындары қала күнін мерекелеуде аса белсенді. Демалыс күні таңалакеуімнен бастап көпшілік отбасымен бірге «Фемели» саябағына жиналды. Мектеп оқушылары ұйымдастырған арнайы көрме думанды күннің көркін қыздыра түсті. Бүлдіршіндер түрлі-түсті бормен тас жолға сурет салып, өзара бақ сынасты.

«Қадамыңыз нұрланып, өміріңізге құт дарысын. Әндеріңіз әлемді әрлендіріп, ғұмырыңыз сұлулансын. Бағыңыз еселеніп, біліміңіз тереңделсін. Атқан таңдарыңыз қуанышпен, батқан түніңіз тыныштықпен болсын. Әрбір қазағым бай дәулетті болсын», – деді қала тұрғыны Сандуғаш Есенбекова.

«Бүгінгі қала күні мерекесімен баршаңызды құттықтаймын. Сүйікті қаламыз гүлдене берсін. Осындай мамыражай әдемі күнде сүйікті қаламыздың әрбір мерекесінде атсылысып жүре берейік. Мереке құтты болсын», – деді қала тұрғыны Райхан Тұрысжанова.

Бостандық ауданының тұрғындары да қала күнін өзгеше форматта атап өтті. Биылғы концерттік бағдарламаның ерекшелігі - түрлі ұлт пен ұлыс өкілдерінің биінен арнайы қойылым ұйымдастырылды. Эстрада жұлдыздары мен әншілер көрерменге өнер көрсетті.

«Қала халқын және қонақтарын бүгінгі мерекемен құттықтаймын. Жұмыстарыңызға табыс тілеймін. Отбасыңызда бақыт болсын», – деді студент Жайна Мәлікқызы

«Алматыға арман қуып келген едік, студентпіз. Арман орындалып жатыр. Алматы ең бірінші тауларымен есте қалады. Әсем табиғаты, суы, бәрі көркем. Барша Алматы тұрғындарын мерекемен құттықтаймыз», – деді студент Гүлдана Биәлиева.

Мың жыл жасаған шаһарда естен кетпес естелік пен тарихи дерек тым мол. Алматылықтар мен қала қонақтары мегаполистің гүлденуіне ерекше тілектес екендерін жеткізді.

Ұлағат Арғын, Рашиддин Мұратбаев «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров