Бостандық ауданында шағын амбулаториялар ашылуда

Almaty.tv
Almaty.tv
Бүгінгі таңда Бостандық ауданының тұрғындарына 4 мемлекеттік емхана және 3 жеке медициналық орталық қызмет көрсетеді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Бостандық ауданында медициналық ұйымдардың жетіспеушілігі мәселесін шағын амбулаториялар ашу есебінен шешетін болады, деп хабарлайды Almaty.tv.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен онлайн-брифинг аясында аудан әкімі Алтай Рахымбетов мәлімдеді. Ол ең өзекті мәселелердің бірі — медициналық ұйымдардың саны аз екенін атап өтті. Бүгінгі таңда Бостандық ауданының тұрғындарына 4 мемлекеттік емхана және 3 жеке медициналық орталық қызмет көрсетеді.

«Егер Әл-Фараби даңғылы бойынша шартты түрде оңтүстік және солтүстік бөліктерге бөлсек, онда оңтүстік бөлігінде медициналық мекемелердің жетіспеушілігі байқалады. Осыған байланысты шағын амбулатория ашу туралы шешім қабылданды», — деді аудан әкімі.

Өткен жылы 3 нысан ашылды. Биыл 2 амбулатория ашылады. Дәрігерлік амбулаторияларды ашу критерийі емханалардың шамадан тыс жүктелуі және пациенттер үшін тұрғылықты жерлерге қадамдық қолжетімділіктің болуы болып табылады.

Жақын арада «Сакура» тұрғын үй кешені пайдалануға беріледі және онда амбулатория ашылады.

«Бұл форматта рентген кабинеттерін және басқа да осындай жабдықтарды орналастыру мүмкін емес екені түсінікті, бірақ адамдар мұнда негізгі қызметтерді – инъекцияларды, тамшылатқыштарды және қажетті рәсімдерді ала алады. Сондай-ақ, Алматы облысының бір бөлігі болған Алатау кентінің бұрынғы әкімдігінің ғимаратында қазір медициналық орталық немесе емхана құру мүмкіндігі қарастырылуда. Бұл ғимаратты қайта құру қажет», — деп атап өтті Алтай Рахымбетов.


Новости партнеров