Алматыда көгалдандыру қала тұрғындарының өмірін жайлы етеді, деді Жетісу ауданының әкімі Гүлнар Көкебаева. Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз конференциясы барысында ауданда көктемде 8 650 ағаш көшеті отырғызылғанын айтты. Көкжиек шағын ауданында аллеялар пайда болды, Ангарская көшесінің бойына бақша салынды және 150 «сиверс» алма ағаштары отырғызылды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Көгалдандырудағы тағы бір басты бағыт – ауданды гүлмен безендіру. Әкім биылғы маусымда 8500 шаршы метр гүл отырғызылғанын айтты.
Көгалдандырумен қатар жасыл желектерді суару мәселесі өзекті болып қала береді. Г. Көкебаеваның айтуынша, ауданда жасыл алаңдарды суару 24 алаңда, 20 жасыл аймақта және бір саябақта жүргізілуде.
Өткен айда «Айнабұлақ-3» шағын ауданындағы, Абылай хан даңғылының бойындағы және Алматы-2 теміржол вокзалының алдындағы жалпы бақтарда үш жыл бойы жұмыс істемеген автоматты суару жүйесі толық қалпына келтірілді.